«Жігер» жаңа спорт кешені ашылды

Құлсары қаласында «Жігер» атты заманауи үлгідегі жаңа спорт кешені ашылды. Еңселі  ғимарат қаладағы көрнекті нысандардың қатарын толықтыра түсті. Спорт кешені жергілікті кәсіпкер, меценат "МұнайТрансСервис и К" ЖШС директоры Б.Төлендиевтің қолдауымен салынып, пайдалануға берілді.

Зәулім спорт кешенінде 2 фитнес залы, гимнастикамен айналысуға арналған зал, үлкен ойын залдары бар. Олар бәрі заманауи үлгідегі спорттық құралдармен жабдықталған.

Өткен аптада спорт кешенінің  салтанатты ашылу рәсімі болды. Жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров құттықтап, сөз сөйледі. Ол «спорт-денсаулық кепілі» екендігін, ауданымызда көпшілік дене шынықтыру мен спортқа көп көңіл бөлетінін айтты.

- Қазіргі таңда Құлсары қаласы мен ауылдық округтерде спорт мектептері іске қосылып, жастар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік туып отыр. Ауданымызда салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар саны артып келеді. Спортшыларымыздың жаңа белестерді бағындыратынына сенім білдіремін. Тәуелсіз Қазақстанның рухы биік, ерік-жігері мықты, дені сау келешегін тәрбиелеуде мұндай спорттық кешеннің ашылуының маңызы зор ,– деді аудан әкімі орынбасары.

Алқызыл лента қиылып, салтанатқа жиналғандар жаңа нысанның ішін аралап көрді. Бұдан соң  кіші аяқ добынан турнир басталды.  Үлкен спорттық додаға Ақтөбе, Шымкент, Атырау қалаларынан және Маңғыстау, Түркістан облыстарынан арнайы командалар келген. Құлсары қаласының командалары да осы жарыста өзге командалармен бәсекеге түсті. Турнир аса тартысты  өтті. Аудан жанкүйерлері спорттық сайысты қызыға тамашалады.

С.БАҚТЫҒАЛИ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521