Қыстың соңғы мезгілі ақпан айы мен көктемнің алғашқы наурызы аудан спортшылары үшін табысты кезең болды. Спортшылар аудандық деңгейден асып, облыстық, республикалық, тіпті дүниежүзілік дүбірлі додалардан топ жарып, елге үлкен жеңіспен оралып жатты. Бұл сөз жоқ, оларды баптаған спорт бапкерлерінің ғана емес, бүкіл Жылыой жұртының жеңісі екені белгілі.
Айталық, өткен айда 2010-2011 және 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының №6 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашык кубогі өтті. Оған қатысқан ауданның балғын былғары қолғап шеберлері Диас Әлібекұлы, Мұрат Ғалымбек жүлделі І орынды жеңіп алса, Асан Ерназ ІІ орын алды. Ал Мирас Рашит пен Мирас Ерікұлы қола жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ, ақпанда Астана қаласында самбо күресінен “Sambo Liga” өтті. Оған елімізден 400-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады. Мұнда да Құлсарыдағы Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері керемет өнер көрсетіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Тарқатып айтқанда, арқасы жерге тимеген Рамазан Асылбекұлы мен Алихан Сенғали, Бақтығали Жансен және Нариман Құттыбаевтар бірінші орынды иеленіп, алтыннан алқа тағып қайтты. Ал Нұрасыл Өтеген күміс жүлдегер атанса, Санжар Нұрланұлы қола алқаны иеленді.
Е.Бисекенұлы