Жерлестер – жеңіс тұғырында

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дзюдодан 2006–2008 жылы туған жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 550-ге жуық жас палуан қатысып, өзара бақ сынады. Бәсі биік бәсекеде жерлестеріміз де жақсы нәтиже көрсетті. Аудан намысын қорғаған Шынар Бітімбай мен Гүлхан Шыңғысхан қола жүлдеге ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді.

 Байрақты бәсекеде 70 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Шынар Бітімбайдың айтуынша, жарыста жеңіске жету оңай болмаған. Себебі қарсыластарының барлығы жоғары деңгейде дайындықпен келгенін аңғартты. Соған қарамастан, спортшы бар күш-жігерін жұмсап, намысты қолдан бермеуге тырысқанын жеткізді. Сондай-ақ ол өзіне бар білгенін үйретіп, әрбір жарыста қолдау көрсетіп жүрген бапкері Жаңылсын Көптілеуоваға ерекше алғысын білдірді. Алдағы уақытта Шынар Бітімбай халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды әлем аренасында желбіретуді мақсат етіп отыр. 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Гүлхан Шыңғысхан да үздік үштікке ілініп, қола жүлдеге қол жеткізді. Оның айтуынша, чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жарысқа сайдың тасындай іріктелген мықты спортшылар жиналған. Әр белдесу тартысты әрі қызықты өтті.

- Мақсатым – алтын медаль жеңіп алу еді. Алайда жарыс барысында жарақат алып қалдым. Жартылай финалда Түркістан облысынан келген Нұрбала Зайнулға есе жіберіп қойдым,-дейді спортшы. 

Соған қарамастан, осындай дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілу оңайға соқпағанын айтқан жерлесіміз бар мүмкіндігін тиімді пайдаланып, аудан абыройын асқақтата білді. Бас бапкер Жаңылсын Көптілеуованың айтуынша, бұл жарыс жыл сайын әлем және Азия чемпионаттарына іріктеу кезеңі ретінде өткізіледі. Сондықтан әр спортшы ел чемпиондығын мақсат етіп, тыңғылықты дайындықпен келеді. Соңғы жылдары чемпионаттың деңгейі де айтарлықтай өсіп, бәсекелестік күшейе түскен. Осыған сәйкес, спортшылар дайындығы да жоғары деңгейде жүргізілген. 

- Бүгінгі дүбірлі жарыста шәкірттерім үмітімді ақтай алды деп нық айта аламын. Бірінші күні-ақ алтын жүлдеден үміт күткен едік. Алайда шәкіртім Гүлхан Шыңғысхан белдесу барысында жарақат алып қалып, жартылай финалда қарсыласына есе жіберді. Соған қарамастан, қола медальға қол жеткізді. Сонымен қатар екі шәкіртім де Италия мен Австрияда өтетін оқу-жаттығу жиынына жолдама жеңіп алды. Бұл — біз үшін үлкен жетістік,-дейді бас бапкер. 

Бапкердің айтуынша, өкінішке қарай, алған жарақатына байланысты Гүлхан Шыңғысхан алдағы алты айдан бір жылға дейін жарыстарға қатыса алмайды.

Айта кетейік, спортшы қыздар келесі жылдың қаңтар айында Италия мен Австрияда өтетін халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысуды жоспарлап отыр. Жерлестерімізге алдағы додаларда сәттілік тілеп, алар асулары мен бағындырар белестері көп болсын деген ізгі ниет білдіреміз. 

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT