Жеңіс тұғырында - атыраулықтар

Ауданның құрылғанына 95 жылдық мерейтойы жақындаған сайын оған деген дайындық та қыза түсті. Әсіресе төл мереке аясында өтіп жатқан іс-шаралар легі бір толастар емес. Соның бірі – жақында өткен баскетболдан ерлер арасындағы облыстық ашық турнир. Құлсары қаласындағы спорт кешенінде сенбі-жексенбі күні өткен бұл дүбірлі доданы аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.

Оған облыс өңіріндегі аудандар мен Атырау қаласынан барлығы сегіз команда қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, ардагер спортшы, бапкер Қайрат Өміров спортшыларды шын жүректен құттықтап, сайыс сынында сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған спорттық ашық турнир өте тартысты өтті. Нәтижесінде бабы келіскен баскетболшылар бәсекелі додадан суырылып алға шығып, жеңімпаздар сапынан көрінді. Олардың алдыңғы легінде атыраулықтар тұрды. Облыс орталығынан келген спортшылар өзге өңірдің командасына қарағанда мықты екенін көрсетіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Атыраулықтардан жылыойлық баскетболшылар да қалысқан жоқ. Сөйтіп төрешілердің ұйғаруымен жүлделі орындарға үш команда лайықты деп танылды. Атап айтқанда, Атырау қаласынан келген «ЭкоГиоМұнайгаз» командасы І орынды қанжығасына байласа, ІІ жүлделі орынды «NCOC» командасы иеленіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Ал «жылыойлықтар» ІІІ орынға табан тіреді.

Ашық турнирдің үздік спортшылары да анықталды. Даурен Сегізбаев “Үздік қорғаушы” деп танылса, Абдурахман Ахметов ”Үздік шабуылшы» атанды. Ал Абылай Сарсенұлы мен Ислам Мыңтұрғановтар ”Үздік үйлестіруші” және ”Үздік ойыншы” атағын жеңіп алды.

Барлық жеңімпаз командалар мен спортшыларға тиісті құрмет көрсетіліп, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521