Жем бойындағы жекпе-жек

Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы аясында «Жем бойындағы жекпе-жек» ұранымен аралас жекпе-жектен (ММА) халықаралық турнир өтті.

Шараны өткізуге аудан әкімдігі қолдау көрсетті. Турнирден бір күн бұрын орталық алаңдағы сахнада спортшылар жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Ауданымызда спорттың бұл түрінен алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Дағыстан және Қазақстаннан барлығы 22 спортшы қатысты. Орталық стадионға жиналған көрерменнің көптігі сонша – ине шаншыр жер болмады. Алаңның ортасына осы спорт түріне арналған сегіз бұрышты ринг құрылған. Жекпе-жек кешкі мезгілде өткізілетін болғандықтан, рингтің жан-жағына жарықтандыру қондырғылары орналастырылған. Спортсүйер қауымның тағатсыздана күткен спорттық додасы да басталды. Алдымен алаңға ұлттық киім киген «Жем аруы» би тобының бишілері шығып, мың бұрала биледі. Жүргізуші жарысқа келіп отырған қонақтармен таныстырып, сахна төріне шақырды. Аудан әкімі Азамат Бекет, ақын Қонаш Қалдыоразов, Атырау облысы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова, панкратион және грепплингтен Қазақстан Республикасы федерациясының президенті Сағындық Мекеевтер баршаны мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасының гимні шырқалды.

Сонымен, Жем бойындағы байрақты дода басталып кетті. Төңірек көз тіккен октагонға алғашқы боп 52 кг салмақта «Бейнеу ММА» клубынан Әбуталип Құрманбаев пен «Жылыой ММА» клубынан Данияр Байниязовтар сілкіне шықты. Нәтижесінде бейнеулік спортшы жеңіске жетіп, спортшыларды Сағындық Мекеев марапаттады. Келесі кезекте алаңда 57 кг салмақта «Қырғыз ММА» клубының спортшысы Заиржануулу Закиржан мен «Атырау ММА ТОР ТЕАМ» клубының спортшысы Ақылбек Гарифуллин белдесті. Бұл сайыста қырғызстандық спортшының мерейі үстем болды. Спортшыларды Нұржауған Тулеуова марапаттады. Үшінші белдесуде 62 кг салмақ дәрежесінде «Қарақалпақ ММА» клубының спортшысы Бердак Халиев пен қазақстандық «Әлем-Файтерс» спорт клубынан Есен Құрақбаевтар белдесуге шықты. Бұл белдесуде қазақстандық спортшы жеңіске жетіп, жанкүйерлерін жерге қаратпаған.

Спортшымызды және оның қарсыласын Жылыой ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұрдәулет Ақназаров марапаттады. Боз кілемде кездескен келесі жұп 66 кг салмақтағы Ресей Федерациясының «Россия ММА» клубының спортшысы Дмитрий Сердюков пен «Атырау ММА ТОР ТЕАМ» клубының спортшысы Джахар Шапхатов болды. Бұл жекпе-жекте және қазақстандық спортшы жеңіске жетіп, спортшыларды аудандық мәслихат депутаты Халел Жамал марапаттады. 5-белдесуде октоганға 57 кг салмақта «Қырғыз ММА» клубының Маххамадалиуглы Билол мен «Жылыой ММА» клубының спортшысы Нұрболат Байжанов белдесті. Бұл белдесуде жылыойлық спортшы мықтылық танытып, қарсыласын тізе бүктірді. Жеңіс сыйлаған жерлестеріне жылыойлықтардың қошеметі ерекше болды. 6-шы белдесуге 66 кг салмақта өзбекстандық Жавохир Ахмоджанов пен «Атырау ММА» клубының спортшысы Самат Жағыпаровтар шығып, күш сынасты.

Кездесуде өзбекстандық спортшысы аяғынан жарақат алып, жекпе-жекті тоқтатуға тура келді. Жеңімпазды аудан ақсақалы Асылбек Шыңғысов марапаттады. 7-белдесуге 70 кг салмақта тәжікстандық Елдор Алижанов пен қазақстандық «Айдар» спорт клубының спортшысы Әділбек Қайырғалиевтар шықты. Көрермендерге әсерлі жұдырықтасу сыйлаған спорт додасында қазақстандық мықтылық танытып, жеңіске жетті. Спортшыларды аудандық мәслихат депутаты Аманбек Мұқанов марапаттады. 8-ші жұп 73 кг салмақ дәрежесінде өзбекстандық Равшанбек Рахметов пен «Жылыой ММА» клубының Нұршат Ауелбаев еді. Бұл додада өзбекстандық спортшы басым түсті. Октагонға 57 кг салмақта «Басқұдық ММА» клубының спортшысы Медет Жұмамұрат пен «Атырау ММА ТОР ТЕАМ» клубының спортшысы Фархат Қожантаев 9-шы боп шықты. Жекпе-жекте атыраулық спортшы жеңіске жетті. 10-белдесуде 90 кг салмақта қарақалпақстандық Руслан Нагимов пен «Қазақ ММА» клубының спортшысы Жасұлан Хасимов бәсекеге түсті. Білектердің қызуқанды бұл додасында «Ағатай» деген лақап атпен танымыл қазақстандық спортшы жеңіс тұғырынан көрініп, жеңімпазды ауданымыздың спорт ардагері Қабдығали Жұманов марапаттады. Қорытынды белдесуге 60 кг салмақта Дағыстан Республикасының «Дағыстан ММА» клубының спортшысы Тимур Алиев пен «Жылыой ММА» клубының спортшысы Талғат Жұмағалиев шықты. Көп ішін тартып күткен жекпе-жек үш раундқа созылды. Екі жақ та есе жібермеуге тырысып бақты. Бұл кездесу жанкүйерлер үшін де естен кетпестей әсерлі өтті. Октагонда арпалысқан спортшыларды жақынырақ көруге талпынған жанкүйерлер ентелеп қоршаудан өтіп кетуге де қалды. Міне, раунд аяқталып, төрешілер өз шешімін шығарды. Үміт ақталды. Жылыойлық Талғат тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпазды аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы марапаттап, әсерлі жекпе-жек көрсеткен барша спортшыларға ризашылығын білдірді. Иә, жарыс тартысты әрі әсерлі өтті. Спортшылардың барлығы жоғары деңгейде дайындықпен келгені көрініп тұрды. Шараны аудан өнерпаздары әнмен көркемдеді.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521