Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Құлсары қаласындағы Орталық стадионда Ұлы Отан соғысының ардагері, Берлин Ратушасына ту тіккен батыр Рахметолла Қарамановты еске алуға арналған дүбірлі доп додасы өтті. Аяқдоп айқасын тамашалаған жанкүйердің қарасы қалың болды. Тіпті, аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың өзі матч көруге келіп, жергілікті құрамаға жанкүйерлік етті. Өз кезегінде ойыншылар да әдемі ойынымен көпті тәнті қылды.
Үш күнге созылған додаға қаламыздағы бас-аяғы 8 команда қатысып, екі квартетке бөлініп, өзара мықтыларды анықтады. Тайм ұзақтығы 35 минутқа созылып, кей матчтар тікелей эфирден көрсетілді. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова:
- Ұлы Жеңістің 80 жылдығы бәріңізге құтты болсын. Қан майданда қасық қаны қалғанша күрескен батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету – бізге парыз. Бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Үздік ойынның куәсі болайық,-деп спортшыларды жігерлендіріп қойды.
А және Б тобына бөлінген 8 команданың үшеуі жерлестеріміз болса, қалған бес ұжым облыс аумағынан келді. Алғашқы ойыннан-ақ көздің жауын аларлық әдемі голдар соғылып, көрерменнің делебесін қоздырды. Тіпті, толассыз нөсерлеген ақ жауынға қарамастан, үстері малмаңдай су болса да, алаңдағы ойыннан алыстамай, жеңіске жету жолында су кешуден тайынбаған мінезді командалар да болды. Үздік шыққан төрт команда жартылай финалға жолдама алды. Алғашқы жұпта атыраулық «Бекбатыр» Исатай ауданының құрамасын ірі есеппен тізе бүктірсе, бірінші таймда бас көтермей ұтылған «Жылыой» командасы керемет камбэк жасап, пенальти сериясында «Мақат» ойыншыларын қапы қалдырды. Ал, қола жүлде үшін болған матчта көршілес мақаттықтар «Исатай» құрамасын жеңді. Көбі күткен ақтық айқасқа көрермендер де көп жиналды. Жерлестеріне жанкүйер болған жылыойлықтар қиқу салып, қарсылас команданың мысын басуға тырысты. Дегенмен кезінде кәсіби деңгейде ойын өрнегімен көзге түскен атыраулықтар «Жылыой» командасын ойсырата жеңіп, алтын кубокты басынан асыра көтерді.
Ұйымдастырушылардың шешімімен «Үздік қақпашы» ретінде Дархан Жұмаханов танылса, қорғаушылардың мықтысы Артур Галиев атанды. Дархан Асанов, Азат Қайыржанов, Айдын Тінеев, Қанат Оспановтар да үздіктер қатарынан көрініп, есімдері ұлығыланып, ақшалай сыйақымен марапатталды. Ал, турнирдің «Үздік ойыншы» номинациясын қарға бойлы болса да, шаршамай, талмай, алаңда аяғына доп тисе, қырандай қалықтай жөнелетін Сағытжан Каримов жеңіп алды.
Марапаттау сәтінде ардагердің ұлы Еркін Қараманов жеңімпаздарды құттықтап, жүлделерін арнайы өзі табыстады. Тиісінше, қола жүлдеге 400 мың теңге, күміспен күптелген ұжымға жарты миллион, ал атыраулық чемпиондарға 600 мың теңге көлеміндегі сыйақы берілді.
Сөйтіп, үш күн бойы алаң төрінде өткен алапат айқас пен шынайы шеберліктің нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, лайықты марапаттарына қол жеткізді. Бұл турнир спорт мерекесі ғана емес, өткенге тағзым етер тағылымды шара болды. Рахметолла Қараманов сынды қаһарман ерлердің есімін ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі буынның борышы. Сол бір сұрапыл жылдардың жаңғырығы мен бейбіт күннің лебін тоғыстырған доп додасы, шын мәнінде, ұлт рухын көтерген, жүрекке от берген көркем көрініске айналды. Осындай дүбірлі дода мен игі бастамалар ел мен ерді еске салар, ұрпақ пен ұлтты ұйыстырар алтын көпір болып қала бермек.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ