Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады", - деген еді бүгінгі жастардың қандай болуы керек деген сауалға жауабында. Президенттің бұл сөзін аудан жастары ешқашан естен шығармақ емес.
Сондықтан да болар, аудан жастарының басым көпшілігі спорт пен денешынықтыруға құштар. Соның нәтижесін көріп те жүрміз. Өңірімізде, қала берді облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде өтіп жататын жарыстар- дан жылыойлық жастар жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр. Таяуда Алматы қаласында таэквондодан ел үздіктері кездескен дүбірлі дода – соның айғағы.
Республикалық чемпионаттың алдындағы ең маңызды жарыстың бірі саналатын «Champions» турнирінде өңіріміздің бетке ұстар спортшы жастары да барып, бағын сынап көрген еді. Жылыойлық жеткіншектер жеңіс тұғырынан бой көрсетіп, ауданымыз ғана емес, облысымыздың намысын абыроймен қорғап келді.
Маусымның 20-22-жұлдызында өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық спортшы келді. Оңтүстік астанамызда байрақты бәсекеде әдемі жекпе- жектердің куәсі болдық. Кадеттер арасындағы турнирге 12-13 жас аралығындағы жасөспірім жастар қатысты. Кадеттер арасында өтетін сайыстың бір қызығы спортшылар салмақ дәрежесіне қарай бөлінбей, бой ұзындығына қарай өзара медаль жиынтықтарын сарапқа салады.
Даянгта дамыл таппай, бар күшін салған аудандық №1 Балалар-жөсөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері жеңіспен оралды. Жекелей сында Хасен Асан мен Жұлдыз Саламатқызы қоланы қанжығаға байлады. Одан бөлек, Тк5-командалық сайыста Атырау облысы құрамасы сапында өнер көрсеткен таэквондошылар Медет Исмұрза мен Ерасылжан Марат чемпион атанып, алтыннан алқа тақты.
Шәкірттерінің жеңісіне риза болған Дастан Қожыров:
-Турнир тамаша деңгейде өтті. Бұл облыстық құрамаға іліну үшін маңызды бәсеке. Себебі, алда Қазақстан Республикасының Чемпионаты келе жатыр. Өз-өздерін жақсы қырынан көрсете білгендер облыс құрамасына ілініп, одан әрі маңызды сайыстарда бақтарын сынап көреді. Шәкірттерім үшін қуаныштымын. Негізі, жекелей сында да алтын алу үшін барымызды салдық. Дегенмен, сәл жетпей қалды. Жартылай финалда сәттілік жолдас болмады. Бірақ, спортшыларымыз жас, сол себепті алар асулары әлі алда деп есептеймін. Ұйымдастырушыларға да алғыс айтамыз,- деді.
Аудан спортшылары турнирден келе салысымен жоспар бойынша оқу-жаттығу жиындарына кірісіп кетті. Өйткені, босаңситын уақыт емес дейді жетекшілері. Себебі, алда көптеген маңызды турнирлер күтіп тұр. Жеңіс жолында жүрген жеткіншектеріміз бұдан үлкен белестерді бағындыра берсін деген тілектеміз.
Е.АЛТАЙҰЛЫ