Жеңіс рухы – жүрек күшінде

Адамның жүрегіндегі үміт пен қайсарлық кез келген кедергіден биік тұратынына куә болып жатамыз. Бұл әсіресе ерекше жандардың қатысуымен болатын дүбірлі додалар мен айтулы шараларда айқын көрініс табады. Жуырда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ пен 100 торлы дойбыдан өткен аудандық турнир – соның айғағы.

Дойбы додасы

Айтулы жарыстар тек бәсеке ғана емес, рухтың мықтылығы мен өмірге деген құштарлықтың шынайы көрінісіне айналды. Бұл жолғы дода әдеттегі сайыстан бөлек, ерекше жандар арасында ұйымдастырылып, маңыздылығы арта түсті. Мақсаты - өмір сынағына мойымай, спортты серік еткен жандарға қолдау көрсету, оларды рухани әрі әлеуметтік тұрғыда жігерлендіру, өнер мен спорт арқылы қоғаммен байланысын нығайту.

Турнир аясында өткен 100 торлық дойбы ойыны – ой ұшқырлығы мен сабырдың тоғысқан шеберлігін талап етті. Жеңіске деген жігері мен есепке жүйріктігі арқылы Ақылбек Жукешев топ жарып, жүлделі I орынмен қанжығасын майлады. Ал Аманжан Қожасейлов – II орынды, Төлеген Молдашев – III орынды жеңіп алды.

Әйелдер арасындағы ойын да тартысты өтті. Сабыр мен парасатты қатар ұстаған Айнагүл Жекеева көпшіліктің үмітін ақтап, жүлделі I орын алып, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Бақтылы Байзулдиева II орын, Ира Жолдыбаева III орынды иеленді. Бұл жандардың жеңісіндегі басты қасиет – табандылық пен ой жүйріктігі.

Тоғызқұмалақтағы текетірес

Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ та өзіндік тартыс пен терең логиканы талап ететін бәйге. Ерлер арасындағы сайыста Айсұлтан Дүйсәлиев шеберлігімен дараланып, I орынды жеңіп алды. Одан кейінгі кезекте Саламат Темірбеков II орын, Мансур Ысқақов III орынға лайықты деңгейде өнер көрсетті.

Ал нәзік жандар арасындағы ойында Күміс Молдабекова I орынды, Бақыт Масалимова II орынды, Нұрсұлу Еңсепова III орынды еншіледі. Олар ұлттық мұраны ұлықтап, жастарға үлгі көрсетті десек, артық айтқандық емес.

Турнир соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Мадияр Наранұлы жүлдегерлерге марапаттар табыстап, алғысын білдірді.

Осындай игі бастама – қоғамдағы адамгершілік пен мейірімділіктің, тең мүмкіндіктің айқын көрінісі. Ерекше жандардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысы, расында да, кез келген жүректі тебірентпей қоймайды. Олар – өз жеңісі жолында күресе білетін қайсар жүректі жандар екенін көрсетті. Мұндай шаралар олардың үмітіне демеу, болашағына сенім ұялата бермек.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT