Жастарға серпін берген велошеру

Жуырда аудан жастары арасында дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Веложарыс – жеңіске бастар жол» атты велошеру өтті. Жарысты аудандық Жастар ресурстық орталығы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырды.
Аталған шара жастардың денсаулығын нығайтып, оларды бұқаралық спортқа тартудың жарқын көрінісі болды. Салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген веложарысқа жас мөлшеріне шектеу қойылмады. Түрлі жастағы қатысушылар өз мүмкіндіктерін сынауға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етті.

Жарысқа қатысушылар жоғары деңгейде белсенділік танытып, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Велошеру барысында қауіпсіздік талаптары сақталып, қатысушылар белгіленген қашықтықты абыроймен еңсерді. Велошеру қатысушылары үшін мәре Қамыскөлдің арғы жағалауындағы «Blue Water» аквапаркі аумағынан басталып, мәреге дейінгі қашықтық Орталық мешіт жанындағы кіші аяқ доп алаңында аяқталды.
Нәтижесінде тартысты додада Нұрбек Кекілбайұлы оза шығып, I орынды жеңіп алды. II орын Рамазан Құмарғалиевке бұйырса, III орынды Қазыбек Бақтығалиев еншіледі. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал белсенділік танытқан өзге қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Велошеру жастар үшін ерекше серпін беріп, олардың спортқа деген ықыласын арттыра түсті. Сонымен қатар, «денсаулық – басты байлық» екенін тағы бір мәрте дәлелдеген бұл шара тұрғындар арасында да қызығушылық туғызды.
А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT