Жас каратэшілер жеңісі

Ауданда Окинава Годзю-рю каратэ-до-мен айналысып жүрген спортшылардың жалпы жас шамасына шектеу қойылмайды.

Адам онымен, негізінен, екі мақсатпен шұғылдануына болады. Ең бірінші - денсаулығын түзету үшін, екіншіден - спорттық бағытта, яғни өзін-өзі қорғау. Айталық, 50-60 жастағы егде тартқан жандар оның алғашқы бағытын таңдайды. Түрлі аурулардан емделу, қорғану, алдын алу жолында каратэнің осы түрінің пайдасы ұшан-теңіз. Ал балалар мен жасөспірімдер, жастардың бойына салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызы зор. Ең бастысы, бұл – өнер! Сондықтан оны меңгерген жас ешқашан да жамандыққа бармайды. Керісінше, әлсіздің қорғаны болып, жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылады. Осы мектепті ашқанына 20 жылға тарта уақыт болған С.Шадымановтың өз шәкірттерін тәрбиелеудегі басты ұстанымы да осы. Серіктен басқа, ауданда «Арлан каратэ» мектебі де бар. Оның жетекшісі - белгілі жаттықтырушы Оразалы Қалдыоразов. Таяуда еліміздің «Окинава Годзю-рю каратэ-до» ассоциациясы Алматы қаласында республикалық турнир ұйымдастырды.

Аталған дүбірлі додаға Құлсарыдан осы «Окинава Годзю-рю каратэ» мен «Арлан каратэ» мектебінің балғын да жас каратэшілері қатысып, өзінің спорттық шеберлігін көрсетіп қайтты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып, небір мықтылар бақ сынасқан сайыста жылыойлық жас спортшылар да өз дәрежесінде өнер көрсетіп, көзге түсе білді.

Нәтижесінде төрешілердің ұйғаруымен жылыойлық 10 каратэші жүлделі 1-орынға лайық деп танылды. Олар ең жас спортшылар: Дәулеткерей Балуанияз, Исламбек Сейітқали, Нұрбол Нұрдәулет, Әділхан Мырзамбет, Мирас Құрманғали, Арсен Сыдықов, Ернұр Құмаров, Елназар Аманжан, Зиядин Махамбетұлы мен Әбілқайыр Зарлахандар болашағына зор үміт күттірерлік жастар екенін көрсетті. Одан өзге 13 каратэшіміз жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленіп қайтты. Жүлдегерлер ассоциацияның арнайы дипломдары мен медальдарымен, сыйлықтарымен марапатталды. Бұл - балғын да жас каратэшілерді спорттың осы түріне баулып жүрген жаттықтырушылары Серік Шадыманов, Оразалы Қалдыоразов пен Қуаныш Жалжановтардың еңбегінің ақталғанының белгісі. Аудан спортшылары осы турнирге баруға мүмкіндік жасаған кәсіпкер Серік Мұсаев пен оның ұлы Айбекке зор алғысын білдіреді.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521