Үздіктер марапатқа бөленді

Ауданымызда спорт саласының озық өкілдерін марапаттауға арналған «Спорт үздігі – 2025» атты салтанатты шара өтті. Аталған шара «Кең Жылыой» мәдениет үйінде ұйымдастырылып, жылдар бойы табандылық танытып, аудан абыройын асқақтатқан спортшыларды, жаттықтырушыларды, спорт ардагерлерін және сала мамандарын бір сахнада тоғыстырды. Салтанатты құттықтау кешіне аудан басшылығы, атап айтқанда, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы мен мамандары, спорт саласының құрметті ардагерлері, спорт ұйымдарының жетекшілері, жаттықтырушылар мен бұқаралық спортты қолдаушылар да қатысты.

Іс-шара барысында аудан спортындағы оң өзгерістер, спорт инфрақұрылымының жыл сайын кеңеюі, жас спортшылар үшін жасалып жатқан жаңа мүмкіндіктер мен жүйелі жұмыстар кеңінен аталып өтті. Кештің құрметті қонақтары қатарында спорт тарихында айрықша орны бар, қазақ күресі мен еркін күрестен ауданнан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері, спорт ардагері Рахбиев Бағытжан Рахбиұлының мазмұнды сөздері кештің мән-маңызын арттыра түсті.

-Қадірлі әріптестер, спорт саласының жанашырлары мен жас спортшылар. Бүгін осындай мәні терең шарада сөз алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мен бұл құрметті жеке басыма ғана емес, спорт саласында ұзақ жылдар адал еңбек еткен барлық ардагерге көрсетілген сый деп қабылдаймын. Спорт жолына келгеніме талай жылдар өтті. Бұл жол жеңіл болған жоқ. Қуаныш та болды, қиындық та аз кездеспеді. Бірақ спорт мені шыңдады, өмірге үйретті, тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке баулыды. Бүгін артқа қарап отырып, осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Біздің кезімізде мүмкіндік аз еді. Қазіргі жастардың жағдайы мүлде бөлек. Залдар бар, құрал-жабдық бар, қолдау бар. Ең бастысы - сенім бар. Сондықтан жас спортшыларға айтарым: осы мүмкіндіктің қадірін біліңіздер. Уақытты босқа өткізбей, мақсат қойып, соған жету үшін аянбай еңбек етіңіздер.Спорт тек медаль үшін емес. Спорт мінез тәрбиелейді, адамды өмірге дайындайды. Жеңіске жеткен күн де болады, жеңілген сәт те болады. Бірақ нағыз спортшы сол сәтте сынбай, қайта күшейе білуі керек. Мен осыны өз тәжірибемнен жақсы білемін. Жаттықтырушыларға ерекше алғыс айтқым келеді,-деді.

 Шара барысында спортты өмір салтына айналдырған, жеке мүмкіндіктеріне қарамастан табандылық танытып жүрген жандардың еңбегі де назардан тыс қалмады. Бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген Орынбасар Әлібекұлы мен марафоншы, Жылыой жүгіру клубының мүшесі Ақтан Еділ арнайы марапаттарға ие болды. Сондай-ақ ауданнан шыққан тұңғыш марафоншы Әлібек Науаров спортты жанына серік еткендер үшін мотивация ретінде ерекше атап өтілді. Бұл азаматтар спортпен шұғылдануға ниетті тұрғындар үшін мотивациялық үлгі ретінде аталып өтті.

Ауданда спорттың дамуына тұрақты үлес қосып жүрген спорт ұйымдары мен клубтардың еңбегі де жоғары бағаланды. 

Ауданның балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде тәрбиеленіп, республикалық және халықаралық ареналарда аудан намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар мен олардың білікті жаттықтырушылары көпшілікке таныстырылды. 

«Олимпиадалық емес спорт түрінен жылдың үздік спортшысы» атағы халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен Жұмабай Айбар Ерланұлына табысталды. Ал осы санат бойынша жылдың «Үздік жаттықтырушысы» болып күрестің төрт түрінен спорт шебері, әлем чемпионы Жұмағалиев Талғат Жанболатұлы танылды. Жылдың «Үздік командасы» номинациясы «Орталық стадион» КМҚК волейболдан қыздар командасына берілді. 2025 жылы аталған команда спортшыларына тұңғыш рет «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» спорттық атағы табысталып, аудан көлемінде волейбол спортының дамуына жаңа серпін берді. Ал жылдың «Үздік команда жаттықтырушысы» аталымы Орталық стадион КМҚК волейбол жаттықтырушысы, облыстық қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Әлішер Әбдіразақ пен Қайыржан Мұратұлына бұйырды. «Ұлттық спорт түрінен жылдың үздік спортшысы» ретінде қазақ күресінен жүлдегер атанған Төкен Ақылбек Мейрамұлы, ал тоғызқұмалақтан облыстық іріктеуде жеңіске жетіп, әлем чемпионатына жолдама алған Сағынбай Жанерке Дарханқызы марапат төрінен көрінді. «Ұлттық спорт түрінен жылдың үздік жаттықтырушылары» аталымында аудандық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресі бойынша жоғары санатты жаттықтырушысы Лайбаев Мейрам Төкенұлы және аудандық №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ жаттықтырушысы, спорт төрешісі Кабдешова Ләйла Нұрланқызы марапатталды. Сонымен қатар спорт саласындағы үздік маман ретінде оқу ісі жөніндегі директор орынбасары Каспаева Факизат Шаяхметқызының еңбегі жоғары бағаланды. 

А.Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT