Түркия турнирінде топ жарған Еркеназ



     
Әр саланың өзіне тән жолы, қиындығы мен қызығы бар. Ол сәт сайын дамып, өзгеріп, өзіне ғана тән ерекшелігімен дараланып тұрады. Ал спорттың сара жолы – жас ұрпақты жігерлендіріп, әлемдік ареналарда еліміздің атын әйгілі ететін маңызды салаға айналды. Чемпиондардың жеңісінің арқасында көк байрағымыз  желбіреп, төбеміз көкке жетіп жүрді.            

                                                                   
 
Міне, дәл осындай қуаныш пен мақтаныштың бір көрінісі – биылғы жылдың шілде айының 5-і мен 7-сі аралығында Түркия елінің Измит қаласында өткен халықаралық жарыстарда көрініс тапты. Жылыойлық жас спортшылар да бұл дүниежүзілік дүбірлі додадан шет қалмай, ерекше белсенділік танытты.  Атап айтқанда,  Еуропа Кубогында 38 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мансұр Мүбарак ІІІ орынды жеңіп алып, қола жүлдеге ие болды. Еліміз үшін жеңіс жалғыз мұнымен шектеліп қалмады. Жарыстың үшінші күні Түркияның Измит қаласында ұйымдастырылған Емре Озғанның атындағы халықаралық турнирге 18 елден 1500-ге жуық дзюдошы қатысқан еді. Осы ауқымды әрі тартысты турнирде Қазақстан намысын абырой мен қорғап,  ел сенімін ақтаған жылыойлық өрендер де жеңістің биік тұғырынан көрінді.                                                                                                                                                                                                                                                           

Соның бірі - аудандық №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Еркеназ Қойлыбай. Ол барлық қарсыластарының арқасын жерге тигізіп, жүлделі І орынды қанжығасына байлады.  Ал 28 кг салмақта белдескен Айша Нұрланқызы жүлделі ІІI орынға ие болды.                                                                                                                 

Жас спортшылардың бұл жетістігі – табанды еңбек пен үздіксіз жаттығудың, сондай-ақ жаттықтырушылар еңбегінің нақты нәтижесі. Айталық, Еркеназ Қойлыбайды баптаған жеке бапкері Мейрам Әбілдің еңбегі ұшан-теңіз.  Спортшыларымыз тек Жылыойдың ғана емес, бүкіл Қазақ елінің намысын абыроймен қорғап, халықаралық аренада көк байрағымызды көккекөтерді.                                            

Әсіресе осы турнирде қызының әр белдесуін бірге уайымдап, оның жеңісі үшін жүрегімен шын қуана білген Еркеназдың әкесі Жеңіс Қыраубаевтың қуанышында шек жоқ.

   - Қызымның дүниежүзілік дүбірлі додада жеңіске жетуі – тек отбасымыз үшін ғана емес, аудан үшін де үлкен қуаныш. Еркеназды жоғары деңгейде дайындап, шеберлік әдістерін үйретіп, физикалық тұрғыда шынықтырған жеке бапкері Әбіл Мейрам ағайының еңбегі зор. Осы сәтті пайдаланып қызымның халықаралық аренада бақ сынауына мүмкіндік беріп, демеушілік көрсеткен “ДАЛАРО” мекемесінің басшысы Р. Сембиевке, жеке кәсіпкерлер Қ.Қуанышев, Б. Қорқытов, Б.Сұлташев, С.Доржиков сынды басқа да жанашыр азаматтарға шын жүректен алғысымызды айтамыз! - дейді чемпионның әкесі.

Еркеназ Қойлыбайдың жеке бапкері Мейрам Әбіл халықаралық жарысқа қатысқан балаларға қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен Омар Қалмұрзиев мырзаға алғысын жеткізді.                                                                                          

Расында, жылыойлық Мансұр Мүбарак, Еркеназ Қойлыбай мен Айша Нұрланқызындай өрендеріміздің жеңісі тек Жылыой жұртшылығы үшін ғана емес, тұтас Қазақ елі үшін үлкен мәртебе. Бұл  жас буынның қайсарлығы мен талантының, спорт саласына көрсетілген қолдаудың нақты жемісі.                                                                                                                          

Айта кету керек, Айша Нұрланқызының жаттықтырушысы әрі анасы Жаңылсын Көптілеуова құлсарылық балғын спортшыларды дзюдо күресіне баулып жүрген тәжірибелі бапкер. Оның да шәкірттері бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жарыстарда бақ сынап, жеңісті жетістіктерге жетіп жүр.  

 

Әйгерім ҒАЛЫМЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT