Тұрақтылық пен сенім жолы

Атырау қаласында өткен Atyrau Marathon 2025 дәстүрлі жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен мың жарымнан астам әуесқой және кәсіпқой жүгірушілер қатысты. Солардың қатарында Жылыойдың алғашқы марафоншысы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, “Jylyoi Run Club” клубының негізін қалаушы Әлібек Науаров болды. 

Әлібек Науаров толық марафон қашықтығын — 42 шақырымды 4 сағат 27 минутта жүгіріп өтті. Бұл нәтиже – тек спорттық жетістік емес, күн сайынғы тәртіп пен рухани төзімділіктің айғағы. Әлібек он жыл бойы күн сайын жүгіріп келеді, оның танымында сенбі, жексенбі, мерекелік демалыс деген ұғым жоқ, күн сайын 3 шақырым жүгіріп, таңғы жаттығуы ретінде әдетке айналдырған адам.

- Жалпы жүгіру деген ой қайдан пайда болды, не әсер етті?

- Ақтөбе қаласында жеке секторда еңбек жолында жүрген кезде, әріптестерім салмақтың артып келе жатқанын айтып ескерту жасады. Осы сөзден кейін келесі күні таңертең ерте тұрып бірден 9 шақырым жүгіргенім әлі есімде. Ол күнді де білем, 2015 жылдың 22 қыркүйегі.

- Содан бері жалғасқан жүгіру тәртібін өміріңізге нақты қашан серік еттіңіз?

- Ақтөбе қаласында велоклуб болатын. Соның мүшесі болып күнде алыс қашықтықты бағындырып жүретінбіз, кейін жүгіруді таңғы әдетке айналдыру үшін көптеген уақыт керек болды. Жұмыс орным ауысты, тұрақты мекен өзгерді, кейін 2018 жылы үзбей жүгіруді арнайы қосымша арқылы бекітіп алдым. Ол тәртіпке айналды, тәртіп әдетке айналды.

- Құлсары қаласының тұрғыны ретінде айтыңызшы, біздің қаламызда жүгіруге жағдай жасалған ба?

- Осы сұраққа мен ойланбастан жауап берем. Бір бөлігінде аштық жайлаған африка материгінде ең мықты желаяқтар бар. Олар ешқандай жағдай сұрамайды. Олардың өмір сүру сатысы солай. Жақсы жүгірсең жағдайың жақсарады. Сол себептен біз мына жақта жүгіруге мекен іздеп, арнайы жұмсақ жабындысы бар жүгіру жолағын іздеп жүрген кезде өзгелер озуда. Сол себептен «Жүгіруді бүгін баста» – менің ұраным.

-Бұл енді сіздің жеке табандылығыңызды ғана айшықтайтын, көп адам жасай бермейтін қадам, десек те Құлсарыда қай жерлер жүгіруге қолайлы және өзіңіздің клубыңыз қай жерде жүгіреді, жаттығады?

-Құлсарыда 7 шақырымға жуық Құрсай өзегінің жағалауы абаттандырылған, жүгіруге қолайлы қазір. Ол жерде жыңғыл өсіп тұрған кезде жүгіргем, қазір шүкір, төсемтас төселген, тегіс. Орталық стадионның ішінде арнайы жүгіру жолағы бар. Жалпы таңда ерте оянып жүгіруге ұмтылған адам үшін қала көшелерінде көлік аз болады, асфальт жолмен жүгіруге болады. Алайда қауіпсіздік сақтау керек, басты талап – осы.

- Жаңа жүгіру клубы жөнінде айтылды. Бұл клуб қашан ашылды, қанша адам бар, жалпы Жылыойда жүгіру дегенде адамдардың ойында ең бірінші сіз тұрсыз.

- Жылыойда желаяқ көп. Физикалық тұрғыда өте жақсы көрсеткіш көрсететін жастар бар. Өкініштісі, ауданда жеңіл атлетиканың жаттықтырушысы жоқ, яғни кәсіби, жеңіл атлетикалық сабақты беске білетін. Сол себептен де бұл мәселе облыста бар деп ашық айта аламын. Біздің әуесқой клуб – «Жылыой ран клуб». Қазақшасы – Жылыой желаяқтар клубы. 2021 жылы ашылып екі-ақ адам болып бастадық. Қазір 20-ның үстінде жүгіруді жанына серік еткен қала тұрғыны бар. Оның ішінде қыздар арасынан аудан чемпиондары, өз жас санатында ерлер арасында облыс чемпионы бар. Бәрімізді бір нәрсе біріктіреді - ол жүгіру. Менің 42 шақырымды еңсеруіме клуб мүшелерінің тікелей қатысы бар. Себебі өзіңді жоғалтып, есіңнен танып шаршап жүгіріп келе жатқан сәтте соңғы 4 шақырымды клуб мүшелері Бекболат Қалиев пен Қуаныш Шалабаев бірге жүгіріп қолдап келді. Мәре сызығында клубтың қыз-жігіттері құшақ жая қарсы алды. Бұл мен үшін ұмытылмас сәттер. Клуб мүшелерінің бәрінің атын атап әлеуметтік желідегі парақшама да жазып қойдым. Сондықтан 42 шақырымды бір адам емес, тұтас жүгіру клубы бағындырды десем болады.

Сұхбаттасқан

Шаттық Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT