Топжарғандар

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Республикалық Халық ойындарының облыстық іріктеуінде ауданымыздан 80-ге жуық спортшы бақ сынап, жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Нәтижесінде, VII Республикалық ойынның іріктеуінде аудан спортшылары «Үздік үштікті» қорытындылады.

Облысқа қарасты барлық ауданның және Атырау қаласының атынан шығып, намысын қорғаған мыңға тарта спортшы 9 түрлі сайыстан өзара бәсекеге түсіп, кіл мықтылар анықталған еді.
Мамыр айының ішінде өткен жарыс қорытындысы бойынша, ауданның шағын футбол командасы шебер ойын өрнегін көрсетіп, І орынға ие болды. Одан бөлек, волейболдан ерлер командасы ІІІ орынды иеленді. Қазақ күресі, қол күресі сынды сайыс түрлерінен және стритбол атты спорттан ерлер және әйелдер командасы да 2 орынға ие болды.
Жалпы қорытындыға сәйкес жылыойлық шағын футбол командасы облыс атынан Республикалық ақтық ойынға жолдама алып, Атырау өңірінің намысын қорғайтын болды. Сонымен қатар, іріктеу кезінде жеңімпаз атанып, тартысты ойын түрін көрсеткен аудан спортшылары республика көлемінде Атыраудың атынан сайысқа қатысатын болады. Олардың қатарында қол күресінен 60 келі салмақтан қарсылас шақ келтірмеген Ержан Қошымов, стритболшылар Ақылбек Оралбеков, Мөлдір Жұбанғалиева, Нұршат Кеңесова, волейболшы Қайыржан Мұратов та бар.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT