«Кең Жылой» газеті 90 жыл бойы аудан халқының рухани серігі, сырласы болып келеді. 1928 жылы Жылыой ауданы құрылғанда, содан 5 жыл өткен соң аудандық газет өмірге келді. Алғаш «Социалды ауыл», кейін «Коммунизмге алға», Ембі», «Кең Жылой» деп аталған үнжария замана желі бағытын өзгертіп, қоғамдық формациялар ауысса да сол биік миссиясын сақтап қалды. Халықтың рухани серігінің жарыққа шыға бастағанына биыл- 90 жыл. Басылымның айтулы мерейтойына орай ауданымызда мәдени – спорттық шаралар өтуде.
Құлсары қаласындағы жаңа орталық стадионда газетіміздің 90 жылдық мерейтойына орай футболдан ашық турнир өткізілді. Шаршы алаңдағы теңбіл доп додасы 2 күн бойы дүбірлеп өтті. Жарысқа 8 команда қатысты. Атап айтсақ, олар: «Жігер» спорт кешенінің командасы , «Атырау-Ақпарат» - «Кең Жылой» газеті командасы, «Агропромтехника» командасы, «Достық ЖШС командасы, «Қуан» ЖШС командасы, «Гала» ЖШС командасы, «ИП Сәрсенбай» командасы, «PSI сервис» командасы.
Ашылғанына көп бола қоймаған жаңа стадион ішіндегі атшаптырым футбол алаңы көрнекті-ақ. Міне, осы стадионға сайдың тасындай барлық командалар жиналып, сап түзеп тұрды. Теңбіл доп додасы салтанатты түрде басталды. Алдымен Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова сөз сөйледі. Гүлнафис Аязберікқызы алда келе жатқан басылымның мерейтойымен құттықтай отырып, оның өңірдегі халыққа етене жақын ақпарат құралы екендігін, тарихи мән- маңызға ие екендігін айтып өтті. Бұдан соң бүгінгі турнирге қатысқалы тұрған барша командаларға жеңіс пен сәттілік тіледі.
Келесі сөз кезегін аудандық «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Сәулеш Шәтенова алды.
- Жылыой ауданы құрылған соң, бес жылдан кейін «Кең Жылой» газетінің редакциясы ашылды. Биыл ауданымыздың құрылғанына 95 жыл болса, аудан айнасының құрылғанына 90 жыл толады. Шынында да аудандық газет - ауданмен бірге жасасып келе жатқан байырғы басылым. Бұл газет сіздердің ата-әжелеріңіз оқыған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан туған жердің тарихы мен шежіресі десек орынды айтқан болар ек. Туған жердің туындай болған «Кең Жылой» газеті 90 жылдық мерейтойына орай бүгінгі футбол турнирін өткізгелі отыр. Сондықтан жарысқа қатысқалы тұрған әр команда мүшелері осындай иігілікті шараға өз үлестеріңізді қосудамыз деп есептеңіздер. Сіздерге сәттілік пен жеңіс тілеймін,-деді ол.
Бұдан соң ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев сөз сөйледі. Ол бір кездері осы басылымда қызмет еткен жылдары мен ардагер журналистер туралы еске алды. Жарыста әйтеуір бір команда озып шығатыны ақиқат екендігін, бірақ баршаға да жеңіске жігерленулері қажет екендігін айтты.
Төрешінің ысқырығымен теңбіл доп сайысы басталып кетті. Жарыс екі күнге созылды. Алғашқы нәтижелерден соң ақтық мәреге жететін командалар да айқындала бастады. Басым ұпаймен «Жігер» командасы мен «Агропромтехника» командалары топ жарды. Олардың ақтық финалда жүлделі орындарға таласатыны белгілі болды. Енді 3-орынды кім иеленетіні айқындалмақ. Сөйтіп 3-орынға таласқан «Қуан» ЖШС командасы мен «Гала» ЖШС командасы шаршы алаңда айқасқа түсті. Ойында «Гала» командасы «Қуан» ЖШС командасын 2-3 есебімен жеңді. Финалдық ақтық ойынға «Жігер» спорт кешенінің командасы мен «Агропромтехника» шықты. Қызу тартысты ойыннан соң «Жігер» спорт кешені командасы қарсылас «Агропромтехника» командасын 3-1 есебімен жеңді. Зәулім стадиондағы жасыл шалғын үстінде екі күн бойы бәсекеге түскендер арасынан жеңімпаз командалар анықталды. Жүлделі командаларға кубоктар мен сыйлықтар газеттің салтанатты шарасында тапсырылмақ.
«Кең Жылой» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған үлкен футболдан ашық турнир осылайша мәресіне жетті. Теңбіл доп додасын ұйымдастырған Құлсары футбол федерациясы КҚ мен Жылыой ауданы әкімдігіне газет редакциясы атынан зор алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, осы доп додасын өткізуге демеушілік жасаған «НСС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі, менеджері Марат Өскенбаев мырзаға және «Казкомсервис» ЖШС директоры Бақытжан Құлтекеновке де үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
Аудан айнасы атанған «Кең Жылой» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған футбол турнирі ауданымыздағы салауатты өмір салтын насихаттауға, аудан спортын дамытуға септігін тигізді. Стадионда жанкүйерлер мен жасөспірім балалар турнирді қызыға тамашалады.
С.Тәжіқызы