Тауман Амандосов жүлдесі – «Атырау-Ақпаратта»

Биыл төртінші рет Республика күніне орай футзалдан БАҚ қызметкерлері арасында Атырау облыстық бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен қазақ журналистикасының ғылыми негізін қалаушы ғалым, профессор Тауман Амандосов атындағы ауыспалы кубоктан турнир өтіп отыр. Жарыс ережесі бойынша кубок үш жыл қатарынан жеңіске жеткен командада қалады. Сондықтан ол үздік ойын иелері «Тауман» командасына бұйырып, биыл жаңа кубок сарапқа салынды.

Сонымен Атырау қаласының «Геолог» ықшамауданындағы Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының №4 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен жарысты облыстық Бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлин ашты. Т.Амандосовтың есімін әрдайым ұлықтаумен қатар БАҚ қызметкерлерін де бір сәт спорт алаңында кездестірген турнирдің аға-іні буын арасын жалғап, шығармашылығын шыңдауда септігі мол екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ осы жарыстың өтуіне мұрындық болған директор Құныскерей Табынбаевқа клуб атынан ризашылық сезімін білдірді. Ал көп жылдар облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы болған, Қазақстанның құрметті журналисі Нұрлан Қабылов:

- Спорт - адамның жан серігі. Сондықтан сіздерді осы алаңнан көргеніме қуаныштымын. Мұндай кәсіби қызметтен тыс кездесулер адамға шабыт сыйлайды. Баршаңызға сәттілік тілеймін,-дей келіп, Қайсар Жетпісбаевқа кәсіподақтың Құрмет грамотасын тапсырды.

Республикалық «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров та баршаны келе жатқан Республика күнімен құттықтап, бас редакторлар клубының арқасында жыл сайын түрлі іс-шаралар өтіп келе жатқанына тоқталып, жарысқа сәттілік тіледі.

Одан әрі бас төреші Мағлұмат Қисметов ереже бойынша жарыс тәртібін түсіндіргеннен кейін қызу ойын басталып та кетті. Жалпы жарысқа «Атырау телеарнасы», «Атырау-Ақпарат», «Баспахана», «Тауман+35» және «Аудандар» құрама командалары қатысып, теңбіл доптан додаға түсті.

Әрине, жеңіске жету - әр команданың басты ұстанымы. Сондықтан ойын барысында оңайлықпен ешкім беріле қойған жоқ. Кей командада ауыса ойнайтын команда мүшесі жетіспей жатса, бірінде ұйымдастырушылық шеберлік қалыс қалып жатты. Қайткенде де ақтық сынға келгенде «Атырау» телеарнасы» мен «Атырау-Ақпараттың» ойыны тартысты өтті. Алма-кезек ұпай алмасқан ойында төреші Мағлұматтың да ысқырығы жиі естіліп, сары қағазды ескертпе көтеріліп жатты. Бұл енді жанталасқа келгенде ойын тәртібінің де жиі бұзылатынының белгісі. Дегенмен бәрібір ойын мықтыны анықтайтыны анық.

Ақырында футзалдан өткен турнирде бұл жолы ауыспалы кубок «Атырау-Ақпарат» командасына бұйырды. Оны клуб төрағасы Ж.Амантурлин салтанатты жағдайда тапсырды. Ал «Баспахана» мен «Атырау» телеарнасы» ІІ-ІІІ орындарды місе тұтты. Сонымен қатар Иса Жетпісбаев «Үздік ойыншы», Абай Өтегенов «Үздік шабуылшы», Арман Саленов «Үздік қақпашы» атанып, мерейі үстем болды. Клуб төрағасы барша қатысушы командаларға ризашылығын білдірді.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT