Ауданның құрылғанына 95 жылдық мерейтойы жақындаған сайын оған деген дайындық та қыза түсті. Әсіресе төл мереке аясында өтіп жатқан іс-шаралар легі бір толастар емес. Соның бірі – жақында өткен футболдан аудандық ашық турнир. «Бұл жолғы спорттық дода жергілікті орган қызметкерлері арасында өтті», - деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тартысты өткен турнирге Атырау қаласы, Мақат, Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға және өзіміздің Жылыой ауданынан барлығы 7 команда қатысып, бақ сынасты.
Дүбірлі доп додасының нәтижесінде қарсыластарының бәрін тізе бүктірген Құрманғазы ауданының командасы көш бастап, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Одан кейінгі кезекте мықты ойын өрнегін көрсеткен мақаттықтар екінші орынды иеленсе, үшінші орынға Қызылқоға ауданының құрама командасы лайық деп танылды.
Үздік ойын өрнегін көрсеткен жекелеген ойыншылар да марапатсыз қалған жоқ. Арман Құмарғалиев «Үздік қақпашы» , Арсен Аққали «Үздік қорғаушы» атанса, Ерлан Сәрсенғалиев «Үздік жартылай қорғаушы», Алмас Елеусінов «Үздік шабуылшы», Саясат Жәнібеков «Үздік сұрмерген», Аманжол Сағынғалиев «Үздік ойыншы» деп танылып, ұлығыланды.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар диплом, медаль, кубоктармен марапатталса, номинация иегерлеріне диплом мен статуэтка табысталды.
А.Махамбетова