Рафхат Даутов - ауданымыздың ғана емес, облыстың да намысын қорғап, талай республикалық турнирлерде жеңіске жеткен жылыойлық теннисші. Спорттық мансабында талай мәрте толағай табысқа жеткен ағамыз бүгінде ұлағатты ұстаз. 60 жасқа толған мерейтойы құрметіне Құлсары қаласында аудан тұрғындары арасында үстел теннисінен ашық турнир өткізілді.
Өткен жексенбі күні басталған біріншілік Орталық стадионның спорт залында ұйымдастырылды. Тартысты турнирде, негізінен, тек ерлер ғана өнер көрсетуі керек еді. Дегенмен, нәзік жандылар тарапынан да сұраныс көп болған соң әйелдерге де мүмкіндік берілді. Осылайша турнир қатысушылары жас ерекшелігіне қарай 4 топқа бөлініп, өзара мықтыларды анықтады.
40-тан аса спортшы бақ сынаған бәсекелі дүбірлі дода таңертеңгі сағат 10-да басталып, кешкілік уақытқа дейін жалғасты. Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында Р.Ахметова жеңімпаз атанса, 7-17 жастағы жасөспірімдердің ішінен М.Гайдар қарсылас шақ келтірмеді. Ал, 18-45 жастағы ерлерден құралған сақа ойыншылардың арасынан Д.Қызылқұлов суырылып алға шықса, ардагерлерден А.Құлбалиев жеңіс тұғырына көтерілді.
Сонымен қатар, Б.Алтай, Ә.Дәуітов, Б.Смағұлов, А.Нұрбаевалар көрермен көзайымына айналып, «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубының басшысы, әрі жарысты ұйымдастырушыларының бірі Айбек Алтаев:
-Турнир тамаша деңгейде өтті. Аудан тұрғындары өте белсенді атсалысты. Оған дәлел, 3 топқа бөлінеді деп жоспарлаған жарысымыз 4 топқа дейін көбейтілді. Үстел теннисіне деген халықтың қызығушылығы жоғары екендігі көрінді. Алдағы уақытта да осындай шараларды ұйымдастыруға барымызды салатын боламыз. Ал, ауданымыздың нөмірі бірінші ракеткасы Рафхат ағамызды бүгінгі мерейлі жасымен тағы бір құттықтаймыз,- деді өз сөзінде турнир туралы әсерімен бөлісіп.
«Кіл жүйрікте кім жүйрік» болғандардың барлығы арнайы кубокпен, дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар да, спортшылар да жақсы әсер алып, ырза болған көңіл-күймен тарқасты.
Е.Алтайұлы