Жақында Ақтөбе қаласында грэпплинг спорт түрінен жасөспірімдер және ересектер арасында «Asian Open Championships» атты халықаралық турнирі өтті. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия және Қазақстаннан 800-ден астам спортшы келген дүниежүзілік дүбірлі додаға жылыойлық спортшылар да қатысып, бақ сынаған болатын. Нәтижесінде жерлестеріміз жүлделі орынмен оралып қуантты.
Алдымен, жасөспірімдер арасында боз кілемде белдескен палуандарымыздың жеңісімен бөлісейік. 27 келі салмақта күрескен Бексұлтан Шуаққали мен 49 келі салмақта белдескен Азиза Жұмаева көптеген қарсыласын тізе бүктірді. Бірақ ақтық айқастарда аздап есе жіберіп алды. Нәтижесінде турнирдің қола жүлдегері атанды.
Ересектер арасында «шайқасқан» 66 келі салмақтағы Аблан Орынғали да қарсыластарына есе жібермеді. Көптеген қарсыласын алып ұрып, жеңіске жетті. Төрешілердің ұйғаруымен Аблан жеңістің екінші орнына көтеріліп, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Басты жеңісті бізге - 62 келі салмақта Талғат Жұмағалиев алып берді. Талай қарсыласын боз кілемде «ботадай боздатқан» Талғат барлығының «арқасын жерге тигізіп», халықаралық турнирдің қорытындысымен Азия чемпионы атанды.
Бұл жылыойлықтар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін ірі жеңіс болды!
Е.Қошақанов