Тағы да алтыннан алқа тақты

Марғұлан Айтжан кезекті алтынына қол жеткізіп, жылыойлықтарды жеңісімен қуантты. Қытайдың Уси қаласында өткен халықаралық бәсекеде топ жарған жерлесіміз қарсыластың барлығын қапы қалдырды.

Тамылжыған тамыздың 14-і мен 18-і аралығында өткен турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден аса спортшы қатысты. «Grand slam youth» деп аталатын турнирде еліміздің намысын қорғаған талантты таеквондошымыз Марғұлан кадеттар арасында 152 см-де өнер көрсетті. 17 тамыз күні даянгқа шыққан ол, алдымен, моңғолиялық қарсыласын тізе бүктірді.

Жартылай финалдағы жанкешті жекпе-жекте жергілікті таеквондошыдан айласын асыра білді. Ақтық айқастағы кездесуде көршілес Ресей елінен келген кадетші табанды қарсылық білдіре алды. Бірақ, бабы мен бағы қатар шапқан жылыойлық спортшы бұл сыннан да сүрінбей өтті.

Турнир бойы бар тәлім-тәрбиесін үйреткен жеке бапкері Азамат Нұржанов жарыс туралы былай деді:

-Негізінен, бұл кадеттер арасында атағы жер жаратын даңқты турнир. Сондай тартыста атой салған Марғұлан шәкіртім жарады. Қарсыластары мықты болып, қиынға соққаны жасырын емес. Дегенмен, біз де аянып қалмай, жеңіс үшін бар күшімізді салдық. Қорытындылай келе, бұл чемпионат Марғұланның бағын ашатын турнир десек те болады. Себебі, осыдан кейін ұлттық құрама сапына іліксе, еліміздің намысын өзге де чемпионаттарда қорғайтын болады. Алтынға масайып, босаңсуға да болмайды. Жылыойға жеткесін жаттығу жұмыстарын қайта бастаймыз. Марғұлан Айтжан болашағынан зор үміт күттіретін спортшымыз. Айтқанынан таймаса, көздегеніне жетері сөзсіз.

Марғұлан Айтжан - Құлсарыдағы №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Ерте жастан осы мектептің табалдырығын аттаған ол алдағы уақытта өз ағайларының сенімін ақтап, Олимп шыңын бағындырамын деген асыл арманы бар. Біз де өз кезегімізде балғын спортшы Марғұланның алдағы байрақты бәсекелеріне сәттілік тілейміз.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT