Ұстаз бен шәкірт 17 жылдан кейінгі алтын алқа

Қостанайдан ақжолтай хабар жетті. Жақында бокстан жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында Дәулет Теңелбай ініміз алтыннан алқа тағып, қуаныштан бөркімізді аспанға аттық. Себебі, бұл медаль - осы спорт түрінен 17 жылдан кейін аудан қоржынына қосылған алтын жүлде еді. Ендігі кезекте Дәулет ел намысын әлемдік ареналарда қорғайтын болады.

Иә, Қостанай қаласында өткен бұл турнирге еліміздің 20 өңірінен 385 боксшы келді. Барлығы сайдың тасындай іріктелген, «Сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар. Міне, осы былғары қолғап шеберлерінің арасынан үздіктердің үздігі атанып шыққан Дәулет Теңелбай 35 кг салмақ дәрежесінде ойын көрсетті. Балғын боксшы қарсыластың барлығын қапы қалдырып, ақтық айқаста да қарсы бұрыштағы отандасымызды алып ұрды. Бір қызығы, 17 жыл бұрын да осындай жасөспірімдер арасындағы бокс бәсекесінде Дәулеттің өзінің ұстазы Жәнібек Әжібай ауданымызға алтын сыйлаған болатын. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген мақалдың дәлелі осы болғандай. Бала кезінен баптаған Жәнібек мырза:

- Дәулет келгенінен алғыр бала болды. Үйреткен тактикалар мен әдістерді бірден қағып алатын. Ақылмен жұмыс істеп, әдемі бокс көрсететін санаулы спортшының бірі. Шыны керек, болашағынан зор үміт күттіреді. Осы бағытынан таймаса, толағай табыстарға жетері хақ. Бағындырар биік белестері әлі алда,-деді өз сөзінде. Дәулет Теңелбай алдағы көктемде ел намысын Азия біріншілігінде қорғайтын болады. Және дәл осы дүбірлі додада Асылхан Серік атты жерлесіміз де бақ сынаған болатын. Үздік үштіктің қатарынан көріне алмағанымен, ұлттық құрама жаттықтырушыларының көзіне түсіп, алдағы оқу-жаттығу жиынына шақырту алған. Өзінің мықты екенін дәлелдей алса, екі бірдей өреніміз Азия чемпионатында ойқастауы әбден мүмкін. Қазіргі таңда екеуі де олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алуда. Иә, Дәулеттің жарқын жеңісіне шаттанғанымыз жасырын емес.

Дегенмен, марапатқа масайрайтын уақыт жоқ. Оқу-жаттығу жиындарын тыңғылықты өткізіп, құрлықтық бәсекеде өзін оң қырынан көрсетуі тиіс. Жалпы олимпиадалық спорт түрінен еліміздегі ең қарқынды дамыған бокс спорты екені бәрімізге белгілі. Қос қолғап шеберлеріне қойылатын талап та жоғары. Сол талапқа сай болып, Дәулет Теңелбай өзінің ұстазын озып, төртжылдықтың басты бәсекесінде ел қоржынына медаль сыйлайтын боксшы боларына сенеміз. Бірақ, ол үшін әлі талай тер төгіп, тынбай еңбек ету керек. Осы жолда аудан әкімі де 17 жылдан кейін келген алтын медаль иесін жеке қабылдап, жас спортшының мерейін өсіріп, ұлыстың алдында ұлықтаса, ел ертеңінің де мотивациясы артып, одан әрі жаттығуын күшейтіп, бұдан да жоғары жетістіктерге жетері сөзсіз.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT