Өткен сейсенбі күні қаладағы аудандық орталық стадионда Халықаралық студенттер күніне орай колледждер арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен дүбірлі дода Қазақстан Республикасының Волейбол Федерациясы бекіткен ережеге сәйкес жоғары деңгейде өтті. Спорттық сайысқа қатысушы командалар құрамында 8 ойыншыдан келуі шарт болды. Оның алтауы алаңда ойнауға, екеуі қосалқы құрамда тұруы міндеттелді. Бір-біріне есе жібермеген колледж студенттері жарысқа мықты дайындықпен келгенін көрсетті. С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі мен Т.Байсырымов атындағы гуманитарлық-техникалық колледжінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Ерсін Майшанов пен Нұрболат Берікұлы студенттерінің жаттығу сәтінен де үздік ойын өрнегін көрсеткеніне ырза болып, жарыс барысын арқасын кеңге салып тамашалады.
Сондай-ақ, Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Берік Биғалиев студенттерді төл мерекесімен құттықтады. Ол жарыс жөнінде:
-Студенттер күніне орай колледждер арасындағы волейбол ойыны біз ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Студенттердің дайындығы бірыңғай спорттық киім кигенінен-ақ көрініп тұрды. С.Өтебаев пен Т.Байсырымов колледжінің командалары тең ұпай жинады. Сүйікті командаларына қолдау білдірген көрермендер соңына дейін қошемет көрсетті. Шыны керек, жастардың спортқа деген қызығушылығын көріп бір марқайып қалдық. Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді,-дейді ол.
Волейбол турнирінің қорытындысымен Т.Байсырымов атындағы гуманитарлық-техникалық колледжі I орынға ие болса, С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі II орынды қанжығаға байлады. Ал болашақ дәрігерлерден құралған медициналық колледж студенттері III орынды місе тұтты.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ