Спорт жанашырын еске алды

ЖАС БОЛСА ДА ІСКЕРЛІГІМЕН КӨЗГЕ ТҮСКЕН, АУДАНЫМЫЗҒА, ҚАЛА БЕРДІ ОБЛЫСҚА ТАНЫМАЛ КӘСІПКЕР САЛАВАТ ҚҰЛҒАЗИЕВ КӨЗІ ТІРІСІНДЕ АУДАН АУМАҒЫНДА ӨТІП ЖАТАТЫН ТҮРЛІ СПОРТТЫҚ ШАРАЛАРҒА ДЕМЕУШІЛІК ТАНЫТЫП, ЖАС СПОРТШЫЛАРДЫ ҚОЛДАП ОТЫРДЫ. БҰЛ ЕҢБЕГІ ӨЗІ ӨМІРДЕН ӨТСЕ ДЕ, КЕЙІНГІ ЖАС ТОЛҚЫН ІНІЛЕРІ ТАРАПЫНАН ҰМЫТЫЛМАЙ, ЕЛЕНІП КЕЛЕДІ. СОНЫҢ БІРІ – ТАЯУДА ЖАҢА ҚАРАТОН ПОСЕЛКЕСІНДЕ ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ӨТКЕН ОБЛЫСТЫҚ II АШЫҚ ТУРНИР. БҰЛ САЛАВАТ КЕЛБАТЫРҰЛЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛДЫ.

Балалар-жасөспірімдер даярлық клубының директоры Айбек Алтаевтың хабарлауынша, турнир №4 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Ашылу салтанатында «Мако» ЖШС-ның Бас директоры Келбатыр Құлғазиев барлық қатысушыларға алғыс сезімін білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі. Алдағы уақытта да мұндай турнир өз жалғасын табатындығына сенім артты. Жаңа Қаратон кенті әкімінің орынбасары Шаштыбике Жалғасбаева құттықтау сөз сөйлеп, спорт ардагері Аманкелді Иманғазиев теннис тарихына тоқталып, алдағы уақытта командалар саны көбейсін деген ақ тілегін жеткізді.

Ақтөбе қаласынан турнирге арнайы келген «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналы бас редакторының орынбасары Еркін Серікқалиұлы өзінің Тәуелсіздік күніне арналған жырын оқып, Келбатыр Қайырұлына «Ұлт батырлары» кітабын сыйға тартты. Спорт саласында ұзақ жыл еңбек етіп, осы №4 спорт мектебінің директоры қызметінен зейнеткерлікке шыққан Жұмабай Құдайбергеновті «Спорт ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Сол күні турнирге барлығы 8 команда қатысты. Атап айтқанда «Жылыой», «Жылыой-2» (жастар) командалары, Бейнеу, Құрманғазы, Исатай ауданынан келген командалар, «Атырау-1» мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Ардагерлер» командасы және «Қара-Арна» командасы бақ сынап, өзара бәсекеге түсті.

Ақыры жарыстың жеңімпаздарын анықтайтын кез де келіп жетті. Тартысты өткен турнирдің нәтижесінде жалпы командалық есепте I орынды «Жылыой» командасы жеңіп алып, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Жеңімпаздар 300 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. II орынды Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Ардагерлер» командасы қанжығасына байлап, 200 000 теңге байрақты иемденді. Ал III орын Исатай ауданының командасына бұйырды. Жүлдеге сай исатайлықтар 100 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Әрине, турнирдің жеңімпаздары арнайы кубокпен, медаль және өз дәрежесіне сай дипломдармен де марапатталды.

Турнирде ерекше ойын өрнегімен көзге түскен ойыншылар да аз болмады. Олар да тиісті деңгейде марапатқа ие болды. Дәлірек айтқанда, үздік ойыншылар қатарынан көрінген Исатай ауданы командасының мүшесі Әділет Пазылғалиев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен Нұрлан Хайрошев пен бейнеулік Жамбыл Мадуовтар арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жекелей сында ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар да анықталды. Атап айтқанда, I орынға Ибат Әбілсейіт («Жылыой»), II орынға Роман Шушаков (Х.Досмұхамедов атындағы университет) ие болса, III орынға Айбек Қайралиев (Исатай ауданы) лайықты деп танылды. Әйелдер арасынан I орынды Бибігүл Өтегенова, II орынды Гүлім Елдеспаева, ал III орынды Раушан Ибраевалар жеңіп алды.
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өтіп жатқан осындай турнирлер алға қарай да өз жалғасын таба берсін демекпіз.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT