Спорт ардагерінің жеңісті жолы

Жылыой өңірінің 64 жастағы тұрғыны Бекболат Қалиев салауатты өмір салтын өмірлік ұстанымына айналдырып, көпшілікке спорт арқылы үлгі көрсетіп келе жатқан ардагерлердің бірі.

Ұзақ жылдар бойы құрылыс саласында еңбек етіп, кейін жеке кәсіпкерлікті қолына алған. Бүгінде төрт қыз бен бір ұлдың әкесі ретінде отбасылық құндылықтарды да, қоғамдық белсенділікті де қатар ұстанып келеді. Жүгіруді 2014 жылдан бері жанына серік еткен. Сонымен қатар үстел теннисі, жүзу және велосипед спорты да оның күнделікті физикалық белсенділігінің бір бөлігіне айналған. Таңертеңгі салқын суға шомылу мен су құю арқылы ағзасын шынықтыруды әдетке айналдырған спортшы мұндай тәртіптің денсаулыққа оң әсерінберетінін ерекше атап өтеді.

      -Спортпен тұрақты түрде айналыспаған жағдайда керісінше ауырып қалатын жағдайларым көп болады.Спорттың ерте кеші жоқ, түбінде саулығын ойлайтын адам осы шынығуға бет бұрады. Жүгіру бұл  бұлшықет пен байланыстырушы жүйенің барлық бөлігі жұмыс істейтін қарапайым және тиімді дене жаттығы. Сонымен қатар, адам денесінің буындары да жүгіру кезінде пайдалы жүктеме алады. Жүргізу қан айналымды арттырып, жаттығу кезінде қан тамырлар бойынша жоғары қарқындылықта қозғала бастайды. Ғылыми зерттеулер де, жүгіру жаттығулары адамнан қуаныш пен бақыт, оптимизм сезімін тудыратын гормондардың, яғни эндорфиндердің дамуына үлес қосады. Жүгіру адамның төзімділігін арттырып, оны айтарлықтай жұмысқа қабілетті етеді. Аудандамызда жастар арасында спортқа деген құлшыныс жоғары. Салауатты өмір салты жыл өткен сайын адам өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналып келеді. Балалардың шынығып, шымыр болуын қалайтынымызды жасыра алмаймыз. Бірақ сол арманға жетер мүмкіндік әр балаға бірдей бұйыруда ма? Жасыратыны жоқ, қай бала болсын, спортқа келгенде алдымен «шемпион» болуды ойлайды. Біреулер жеңіске еңбекпен жетеді, екіншісіне мүмкіндік керек. Ал мүмкіндік дегеніміз күрмеуі көп дүние. Кей адамдар мүмкіндік спорт залдарының қолжетімділігі десе, енді біреулер үшін мықты жаттықтырушы болғаны дұрыс. Еліміздің ертеңі-жастардың болашағы сондықтан, біздің ұрпақ спортшыларымызға жан-жақты қолдау білдіру керекпіз,-дейді спортшы.

    Бекболат Қалиев еліміздің бірқатар қалаларында ұйымдастырылатын жүгіру жарыстарына тұрақты түрде қатысып келеді. Ақтау, Атырау, Астана және Алматы қалаларында өткен түрлі марафондар мен жарыстарға қатысу арқылы ол тәжірибесін шыңдап, өз мүмкіндігін үнемі кеңейтіп жүр. Алғашында 5 шақырым қашықтықтан бастаған ол кейін 10 шақырымды бағындырды. Қазіргі таңда 21 шақырымдық жартылай марафон қашықтығын еңсеруді алдағы негізгі мақсаты ретінде белгілеп отыр. Жуырда спортшы Ақтау қаласында өткен “Winter Run 2026” қысқы жүгіру жарысында 60+жас санаты бойынша 10 шақырым қашықтықта үшінші орынға ие болды. Аталған жетістік аға буын өкілдерінің де белсенді өмір салтын ұстанып, спортта жоғары нәтижелерге жете алатынын көрсетеді.Бекболат Қалиев “Jylyoi Run” жүгіру клубының мүшесі ретінде жастармен тығыз байланыста болып, оларды спортпен айналысуға, қозғалысты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға үнемі шақырып келеді. Ардагердің пікірінше, жас ерекшелігі спортпен айналысуға кедергі болмауы тиіс, бастысы тәртіп, тұрақтылық және өз денсаулығына деген жауапкершілік. Бекболат Қалиевтің өмір жолы мен спорттағы белсенділігі салауатты өмір салтын насихаттаудың нақты үлгісі. Оның табандылығы мен жетістігі қоғам үшін, әсіресе жастар мен орта және аға буын өкілдері үшін зор мотивация болып табылады. Мұндай азаматтардың тәжірибесі арқылы бұқаралық спортты дамытуға және халық арасында дене белсенділігін арттыруға қосылған үлес ерекше маңызға ие.

А.Талапкер

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT