Шеберлік пен ұлттық рухтың жеңісі

Атырау қаласында 2005–2008 жылы туған жастар арасында бес асықтан облыстық чемпионат өтті. Ұлттық ойынның беделін көтеріп, жас буын арасында насихаттауға бағытталған бұл сайыста ауданымыздың қыздар командасы ерекше көзге түсіп, облыс біріншілігінің алтын жүлдесін жеңіп алды.

Тартысқа толы турнирге 5 бірдей команда қатысып, бас жүлдені сарапқа салды. Дегенмен тартысқа толы турнир қорытындысы бойынша ауданның біріккен командасы қарсыластарынан оза шауып, қара көрсетпеді. Ақтоты Алпамыш, Ақбілек Бисекен, Жаннұр Тілеулерден құралған командамыз алтыннан алқа тағынып, аудан намысын одан әрмен асқақтата түсті.

Ұлттық ойынды заманауи спорт түрі ретінде дәріптеп жүрген бұл өрендердің жеңісі аудан спорты үшін зор жетістік саналады. Жеңімпаздар 18–22 тамыз күндері аралығында Ақтөбе төрінде өтетін ел чемпионатына жолдама алды. Қарапайым асықты шеберлікпен қолға иіріп, командалық ойында дәлдік пен ептілікті ұтымды ұштастырған жылыойлық өрендер енді Ақтөбе қаласында өтетін республикалық додада облыс намысын қорғайды.

Ендеше, ауданымыздың нәзік жандылар құрамасы ел біріншілігінде де топ жарып, өз биігінен көрінетіндігіне сенім білдіре отырып, алдағы додада сәттілік тілейміз.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT