Шахматтың шебері

Қарттар күніне орай өткен облыстық шахмат турнирінен жылыойлық ардагер жүлделі оралды. Аға буын өкілдерінің арасындағы додада аудан намысын қорғап шыққан Ақылбай Жөкешов – бүгінде сексеннің сеңгірінде. Энергетика саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет атқарған қарияның жеңісі алғаш рет емес. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен облыстық ардагерлер кеңесінің және облыстық шахмат федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен Атырау қаласы «Алтаджа» қонақ үйі ғимаратында өткен турнирдің қатысушылары жас ерекшелігімен үш топқа бөлінді.

Атап айтсақ, А тобында 71 жас және одан үлкен ер адамдар бақ сынасса, Ә тобында 63-70 жас аралығындағы ерлер сынға түсті. Ал Б тобында 50 жастан жоғары әйелдер арасында шахмат ойыны өткен-ді. 30 шахматшының басын қосқан Ⅷ ашық облыстық шахмат турниріне қала тұрғындарынан бөлек Мақат, Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға аудандарынан да ат терлетіп келген ойыншылар қарасы көп болды. Ал ауданнан үш бірдей ардагер қатысып, Ақылбай Жөкешов жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады. Алғашқыда жеңілген ол, кейін төрт бірдей қарсыласты ойсырата жеңіп, шешуші ойында тең түсті.

Қорытындысында жүлдеге ілігіп, ауданның мерейін өсірді. Облыстан жүлделі қайтқан зейнеткерге риза болған Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғабиден Жұмақшамов:

- Ақылбай Жөкешов «Атырау-Жарық» мекемесіне 18 жасында жұмысқа орналасып, сол жерден зейнетке қалған. Оның Темірқұл деген ағасы болды. Бәріміз де шахматты сол кісіден үйрендік. Олар жанұясымен шахматшы. Ол аудандық жарыстарға да қатысып, жүлделі 2-ші, 3-орындарды иеленіп жүр. Жақында өткен «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы мен ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен шахматтан өткен сайыста ІІ орынға ие болды,-дейді.

Жасы ұлғайғанмен көңілі жас аға буын арасындағы ойын қызу өтіп, көптің көңілінен шықты. Облыстық ашық турнирдің соңында үздік шыққан шахматшылар алқа, дипломдармен және Атырау облыстық ардагерлер кеңесі тағайындаған қаржылай сыйлықпен марапатталды. Белсенді қатысқаны үшін барлық шахматшылар ынталандару сыйлықтарына ие болды.

Д.Ізбасарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521