Өткен жексенбіде ауданымызда балалар арасындағы шахматтан ашық турнир өтті.
Мұнайшылар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған сайыс «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен өтіп, жас буынның ой-өрісін кеңейтті. Сайыстың тұсауы №6 орта білім беретін мектептің спортзалында кесіліп, оған 120-ға жуық жөсөспірім қатысты.
Өңірдегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахмат спортын дамытып қана қоймай, жас шахматшылардың спорттық шеберлігін арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен дода жас ерекшелігіне қарай 4 топқа жіктелді.
Олар: 2009-2012, 2013-2014, 2015-2016 жылы туғандар және 2017 жылы туғандар мен одан кішілер. Сайысқа аудан орталығынан бөлек, шалғай ауылдардан да арнайы келген балалар болды. Сайыстың басында бас төреші Аралбек Махмутов сөй сөйлеп:
- Шахмат – тек спорт емес, ол тәрбие мектебі. Бұл ойын баланың ойлау жүйесін дамытып қана қоймай, мінезін қалыптастырады, шешім қабылдауға үйретеді.
Бүгін, міне, алдымызда 120-ға жуық бала тұр. Бұл сан аудандағы жасөспірімдердің шахматқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Олардың мұнда таңғы сағат 08:00-ден бері жиналуының өзі өскелең ұрпақтың жауапкершілікті сезінетінінің айғағы деп білемін. Сондықтан қашан да сәттілік тілеймін, жеңіс тұғырынан көріңіздер. Ең бастысы, ұту емес, қатысу екенін де естен шығармаңыздар,-деді мектеп оқушыларының бойына сенім ұялатып.
Жасөспірімдер тақта басында өз шеберліктерін сынап, логикалық ойлау қабілетін, төзімділік пен жинақылықты паш етті. Топ бастап алға шыққандар жеңіліс тапқан қарсыластарына қолдау білдіріп, келесі ойынға сәттілік тілесіп жатты.
Ал оза шапқандар сабыр сақтап, ешкімге кедергі келтірмей, өзгелердің ойынын бақылаумен болды. Олардың бұл қасиеттерін байқаған бас төрешінің кеңесшісі Бақытгүл Ізбасарова:
- Жасына қарап қана бала демесек, олардың көбі өте ақылды. Шахмат ойынына қызығып, осы жерден табылуының өзі қандай жетістік?!
Сайыс барысындар балалар ұйымдастырушылардың айтқанын тыңдап, әр іс-әрекетіне мұқият болды. Қарсыласымен ойын уақыты біткендер бірден алаңнан алыстап, тыныш отыруға тырысты. Жалпы ойын өте жоғары деңгейде өтті деп толық айта аламын,-деді өз сөзінде.
Турнир нәтижесінде 2009-2012 жылғы ұлдар арасында Әли Таужар І орын иеленсе, қыздар арасында Айзада Сүлеймен иеленді. 2013-2014 жылғы ұл балалар арасында І орын Әлихан Нұрдәулетке бұйырса, қыздар арасындағы жеңіс Ләйлә Ермекбайдың қанжығасына тиді. Дәл осындай І орынды 2015-2016 жылғы ұлдар арасында Нұрәділ Нұрбергенұлы иеленсе, қыздар арасында Асылхан Серікованың бағына бұйырды. Ал 2017 жылғы және одан кіші ұлдар арасындағы марапатта Арлан Габбас көш бастаса, Азиза Махмудқызы қатарластарынан оза шықты.
Жүлделі орын иелері мен қатысушы барлық балаға ұйымдастырушылар атынан арнайы медаль табысталып, сыйлықтар берілді.
Д. ДЕРБІС