Шағын ауылдағы үлкен спорттық мереке

Өзі өмірден өтсе де, артында өшпес із қалдыратын қарапайым адамдар болады.

Сондай жанның бірі - Майкөмген ауылының азаматы Ғабиден Оралбаев. Қысқа болса да ғибратты ғұмыр кешкен Ғабекеңді ауылдастары әркез қимастықпен еске алып отырады. Өйткені ол мамандығы теміржолшы болса да, жастайынан спортты жанына серік еткен, әсіресе футбол десе, ішкен асын жерге қоятын шебер ойыншы еді. Өзі ойнап қана қоймай, ауылдың жастары мен жасөспірімдерін спорттың осы түріне жұмылдырып, әркез футбол командасын ұйымдастыруға ұйытқы болып жүретін-ді. Соның арқасында майкөмгендіктердің тек аяқдопқа ғана емес, жалпы бұқаралық спортқа деген белсенділігі де артты.

Ауыл жастары талай дүбірлі додаларда жүлделі орындарды иеленді. Ғабиденнің кешегі спортқа баулыған балалары мен жасөспірімдері бүгінде ауылдың белсенді жастарының қатарында. Әрі мықты ойыншы ретінде танылып үлгерген. Міне, осы атпал азаматты еске алу мақсатында таяуда майкөмгендіктер кіші аяқдоптан турнир ұйымдастырды. Ол ауылдағы жаңадан ашылған денешынықтыру спорт кешенінде өткен ең алғашқы спорттық мерекелік шара ретінде есте қалды.

Былғары доп сайысы ересектер мен балалар арасында да өтті. Алғашқысына Ақкиізтоғай ауылынан екі, Майкөмгеннің өзінен алты команда шықты. Осының өзі мұнда Ғабиденнің ізбасарларының көп екенін айғақтап тұрғандай. Ашылуында сөз алған ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Жаумадин Демесінов жастарға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Замандас-құрдастары Ғ.Оралбаевтың өнегелі өмірі туралы естеліктерімен бөлісті.

Қос аяқдоп сайысы да өте қызықты әрі тартысты болды. Қарсыластар шебер ойын өрнегін көрсетіп, бір-бірінің қақпасына қақырата доп соғып, ауыл жанкүйерлерінің делебесін қоздырды. Бірақ ойынның аты - ойын! Жеңімпаз барда жеңіліс те бар. Төрешілердің ұйғаруымен «Майкөмген» МФК 1-орынға лайықты деп танылып, турнирдің кубогін жеңіп алды. Ал 2, 3-орындарды тиісінше «Ақкиізтоғай», «Ақкиізтоғай-2» командалары өзара бөлісті.

Балалар арасындағы аяқдоп сайысында барлық қарсыластарын ойсырата жеңген 8-сынып командасы 1-орынды иеленіп, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Ақкиізтоғайлық ойыншылар Әлібек Матаев «Үздік қақпашы», Мейрам Абзалұлы «Үздік шабуылшы» атанды. «Үздік ойыншы» атағы балалар арасындағы сайыста шебер ойын өрнегімен ерекше көзге түскен кішкентай Мұрагер Жұмабайұлына бұйырды. Ғабиден Оралбаевтың ағасы Саламат Бурабеков турнирді ұйымдастырушы ауыл азаматтары мен спортшыларға алғысын білдірді.

Барлық жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдармен марапатталды. Жасының үлкендігіне қарамай ауыл жастарынан қалыспай мықтылығын танытқан ең ересек ойыншы Сәндіғали Еламанұлына да алғысхат табыс етілді. Осылайша шағын Майкөмген ауылына үлкен спорттық мереке сыйлаған дүбірлі доп додасы өз мәресіне жетіп, жұртшылықтың көңілінде ұмытылмас әсер қалдырды.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521