Ауданда спорт сүйер жасөспірімдер үшін маңызды дода мәресіне жетті.
Жуырда ғана аудан әкімдігінің қолдауымен №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және спорт бөлімі турнир ұйымдастырған еді. Оған Маңғыстау облысы, Атырау қаласы және Жылыойдан 9 команда бақ сынап, барлығы 300-ге жуық жас спортшы қатысты.
Жарыстың ашылуын аудандық спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров бастап, мектеп директоры Бурхан Ғалымұлы, халықаралық төреші Бисенбай Абдулкаримұлы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
- Самбо – қызықты әрі тартысты күрес. Соңғы жылдары жас спортшыларымыз бұл күрес түрімен белсенді түрде айналысуда. Бүгінгі жарыста Маңғыстау облысы, Атырау қаласынан келген мықты спортшылар да бақ сынауда. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Осы тұста мен жаттықтырушыларға жас спортшыларды дайындап, жетелеп жүргендері үшін алғысымды айтқым келеді. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін,-деді Әлібек Қойшыбайұлы.
Турнирде әртүрлі салмақ дәрежесінде өзара мықтылар анықталып, командалық есеп бойынша Атырау балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спортшылары бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Атырау “Ақжар” спорт мектебі иеленсе, Маңғыстау облысы “Жас батыр” спорт мектебі спортшылары үшінші орынды місе тұтты.
Турнир мәресінде №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Дамир Қанатұлына самбодан «Спорт шеберіне үміткер» куәлігі табысталды.
Жылыой өңірі соңғы жылдары самбо және басқа да спорт түрлерінен тұрақты түрде жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл жарыс жасөспірімдер арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, облыстың талантты спортшыларын танытуға мүмкіндік береді. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табысталды.
А.Талапкер


