Аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен «Спорт үздігі-2024» атты кеш аты айтып тұрғандай осы саланың үздіктерін жария етті. Салтанатты сәтте сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, алдымен, барша спорт саласының майталмандарын мерекемен құттықтап, ақжарма ақ тілегін ақтарды. Спорттық дүбірлі додаларда аудан, облыс, қала берді ел намысын қорғап, қоржынды алтын алқа мен түрлі медальдарға толтырған спортшыларды марапаттады.
Алғашқы «Үздік спорттық ауыл» номинациясын Майкөмген ауылындағы №5 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жеңіп алды. Қазіргі таңда онда 244 бала спортпен шұғылданады. Жыл басынан бері ондағы жасөспірімдер мен жастар республикалық, облыстық жарыстардан 28 алтын, 20 күміс, 35 қола жүлдені иеленген. Ал «Жылдың үздік ауыл спортшысы» атағына Бексұлтан Мыңтұрған ие болды. №2 Аққиізтоғай ауылдық балалар спорт мектебінде бокспен шұғылданатын жас өрен биыл жасөспірімдер арасындағы Х республикалық ашық турнирден 3-орын, облыстық турнирден 3-орынды жеңіп алып, 2024 жылы «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын иеленген.
«Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» номинациясымен де осы ауылдың балалар спорт мектебінің бокс секциясының жаттықтырушысы Нұрсұлтан Наурызбаев марапатталды. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Келесі номинация - «Жылдың үздік ұлттық спорт түрі». Бұл жүлдеге соңғы кезде аудан абыройын асқақтатып жүрген «Жылыой садақ ату» клубы лайықты деп танылды. Ұлттық құндылықты дәріптейтін клуб 2023 жылдан бері ауданда жұмыс жасап келеді. Қазіргі уақытта онда 17 адам садақ атумен тұрақты түрде айналысады. Биыл Алматы қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан ересектер және жастар арасындағы ҚР чемпионатында, сонымен қатар дәстүрлі батыс аймақтық садақ ату турнирінде жүлделі орындарды қанжығасына байлаған.
«Жылдың үздік командасы» номинациясымен №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің футбол командасы ұлығыланса, «Үздік спорт саласындағы маман» атағын №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Факизат Қаспаева иеленді. Ал «Жылдың үздік жасөспірім спортшысы» атағын Гүлхан Шыңғысхан жеңіп алды. Ол №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, дзюдодан өткен дүниежүзілік дүбірлі додаларда топ жарып жүрген болашақ чемпион қызымыз. 2024 жылы Алматы қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында өткен Азия кубогінде күміс жүлде иеленіп, Перу мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алған. 2024 жылы Греция мемлекеті, Салоники қаласындағы жарыста ауданнан тұңғыш Европа кубогінің жеңімпазы атанған.
Олимпиадалық спорт түрінен «Жылдың үздік жаттықтырушысы» номинациясын №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі дзюдо бөлімінің мұғалім-жаттықтырушысы Жаңылсын Абайқызы иеленді. Оның шәкірттері әлемдік деңгейде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Осы жылы тәрбиеленушілері Шынар Бітімбай мен Гүлхан Шыңғысхан жыл бойына жоғары нәтиже көрсеткен. Олимпиадалық емес спорт түрінен Жылыой кәсіпқой жауынгерлік клубының президенті және жаттықтырушы Талғат Жұмағалиев та «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атағын иеленді. Келесі номинация – «Жылдың үздік параспортшысы», оны Рысгүл Орысбаева жеңіп алды. Ол 2024 жылы Алматы қаласында өткен Пара жеңіл атлетикадан тірек-қимыл аппараты және көру органдары зақымданған жастар арасындағы ҚР чемпионатында ядро итеруден 1-орын иеленген.
Сонымен қатар, тағы бір «Жылдың үздік параспортшысы» атағымен Ақмөлдір Тлеуқұлова ұлығыланды. Ақмөлдір 2024 жылы Қарағанды қаласында өткен ҚР чемпионатында үстел теннисінен жеке ойын көрсетуден 2-орын, жұп болып шығудан 3-орын иеленген. Олимпиадалық спорт түрінен «Жылдың үздік спортшысы» атағын Абыл Кенжебек иеленді. Ол №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде таэквондодан жаттығуда. ҚР Жастар құрамасының мүшесі. Биыл халықаралық турнирлерде қола жүлде, ҚР чемпионатында жастар арасында күміс жүлдеге ие болған.
Ал олимпиадалық емес спорт түрінен «Жылдың үздік спортшысы» номинациясымен Нұршат Ауелбаев марапатталды. Ол ұлттық жекпе-жектен спорт шебері, джиу джитсудан спорт шебері және қоңыр белбеу иегері. Былтыр Нұршат Алматы қаласында өткен комбат джиу джитсудан ҚР чемпионатының чемпионы атанып, Ресейдегі әлем чемпионатында, Ташкент қаласындағы Азия чемпионатында, Қостанай қаласындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлделерді жеңіп алған.
Сонымен қатар, үздіктер кешінде «Жылдың үздік спорт директоры» номинациясының иегері де белгілі болды. Оны №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Жарылғасов иеленді. Марапат иесі былтыр Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған және көктемгі Құлсары қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде жұртшылықты бөгет салуға жұмылдырып, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ҚР Президентінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып, наградталды.
-Жалпы аудан көлемінде жүйелі дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылары саны биыл 21453 адамды құрап, халық санына шаққанда 24,6 пайызға жетіп отыр. Ауданда 7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Орталық стадион, «Жігер» және «Сүлеймен» жеке спорт кешені бар. Спорт мектептерінде спорттың 15 түрінен секциялар жұмыс жасайды. Онда 3180 жасөспірім спортпен шұғылданады. Аудандық білім бөлімі жанында «Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубы» қызмет көрсетеді. Клубтағы 8 үйірмеге 730 оқушы қатысады. Жыл басынан бері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен облыстық, халықаралық, республикалық жарыстардан ересек спортшылар 30 медальға ие болды. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларының өзі аудан қоржынына 957 медаль салып, 4 спортшы – «Қазақстан спорт шебері», 13 спортшы «Спорт шеберлігіне үміткер» атағына ие болды, - дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров.
- Сонымен қатар мүгедек жандар арасында да спортпен шұғылданушылар саны жыл сайын артып келеді. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар орталығында Атырау облысы мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы төрағасы Амангелді Мыңжасаровтың жетекшілігімен 32 ерекше жан спортпен шұғылданады. Биыл аудан мүгедектерінің құрамасы облыстық іріктеу жарысында 29 медаль еншілесе, Қазақстан чемпионатында 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль олжалап қайтты. Үздік спортшылар кешінде годзю-рю, каратэ-додан Сүлеймен спорт мектебінің ұстазы мен шәкірттері көпжылдық тәжірибелерін көрсету мақсатында сахнаға шықты. Бапкер, ІІІ дәрежелі қара белбеу иегері Қуаныш Жалжанов мықты спортшыларды дайындап жатқандығын көрсетті. Сондай-ақ «Би-Би» үлгілі би ансамблі мың бұрала би билесе, аудан өнерпаздары мен елімізге танымал эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ