Ұлттық ойын – ұлттық кодымыздың айнымас бір бөлігі. Оның ішінде асық ату мен бес асық біліктілік пен ептілікті талап ететін қызықты сайыс. Облыстың шірене тұрып асықпен шағып түсірер мергендері жақында Атырауда бас қосты. Чемпионатқа қатысқан жерлестеріміз де жеңісті қолдан бермеді.
Барлық аудан білек сыбана келген чемпионат ересектер және 2004-2007 жылғы жастар мен жасөспірімдер арасында асық ату мен бес асық ойындары бойынша өтті. Жайықтың жағасында жеребе тасталған жарыста жылыойлықтар жеңімпаздар қатарынан көріне білді. Командалық есепте жасөспірімдер бес асықтан алтын медальді қанжығаласа, ересектер арасында асық атудан қыздарымыз күміспен күптеліп, ерлер командасы үздік үштікті түйіндеді.
Ересектер арасындағы жеңімпазымыздың бірі - аудандағы №3 мектептің мұғалімі Раушан Ибраева:
-Сайыс өте тартысты өтті. Ұлттық ойындарымыз соңғы жылдары қарқынды дамып отыр. Осы чемпионаттың өзі де соған дәлел болды. Жылдан жылға қарсыласымыз да ширап, жарыстың деңгейі де өсіп келеді. Жастар да жоғары дәрежеде екенін көрсете білдік. Жылыойдың намысын бермей, жеңімпаздар қатарынан көрінгенімізге қуаныштымыз. Келер чемпионатта жаттығуды одан әрі ширатып, алтын алқа тағамыз деген жоспарымыз бар,- деп бөлісті чемпионаттан алған әсерімен.
Қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған Құлсарыдан талай мықтылар шыққан. Атадан аманат боп қалған ұлттық ойынымыз ұлықталып, Жылыой жерінен құралайды көзге атқан мерген де, алыпты әдісімен алып ұрған палуан да, асықты шиырып тұрып дәл тигізетін жастарымыз да көптеп шығарына сенімдіміз.