Құлсарылық Нұрболат Батырханов футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды. Ол 2024 жылы 14 желтоқсанда әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өтетін Қазақстан-Нидерланды ойынына қатысады. Аудан тарихындағы тұңғыш рет орын алып отырған бұл хабар барша жылыойлық жанкүйерді елең еткізді.
1998 жылғы 11 ақпанда Құлсары қаласында туған футзалшыны алғаш алаңға алып келген ұстазы Қайырбек Уәлитханов еді. 2008 жылдан бері теңбіл допты ұршықша иіретін спортшымыз бала кезінен үлкен үміт күттірді. 2016 жылы «Ақтөбе» футбол клубының академиясына оқуға түсіп, 2019 жылы негізгі құрамға ілігіп, Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы матчын «Ертіс» футбол клубына қарсы өткізді.
Ол үлкен футболдан спорттың әліппесін үйренгенімен, қазіргі футзалда тер тегіп жүр. 2022 жылы «Атырау» футзал клубымен келісім-шартқа отырған ол бүгінге дейін мұнайлы команданың намысын қорғап келеді. Өткен маусымда 39 ойын өткізіп 12 рет мергендігімен танылды. Жақында басталған жаңа маусымда 12 матчтың ішінде 5 рет қарсыласының қақпасын дәл көздеді. Жаңа маусымды өте тамаша бастаған Нұрболат Ұлттық құрама бапкері Рикардо Каканың көзіне түсіп, алдағы өтетін ойындарға шақырту алды.
Еске сала кетер жайт: Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатының іріктеуі аясында Нидерланды және Румыния командаларымен кездесу өткізеді. Қазіргі сәтте көш басын 12 ұпаймен бастап тұрған құрама өткізген 4 матчтың төртеуінде де қарсыластан бір бас жоғары болды. Ендігі кезекте көштің соңында қалған Нидерланды құрамасын қапы қалдырсақ, Әлем кубогына мерзімінен бұрын жолдама аламыз. Алдағы төрткүл дүние додасына 24 команда бақ сынамақ. Көрші елде өтетін Әлем чемпионатында Ұлттық құрамамыз басты фавориттердің бірі болмақшы. Іріктеу матчтарында да, чемпионаттың негізгі кезеңінде де Кака бастап, шәкірттері қостаған құрамамыз қапы қалмайды деп сенеміз.
Лео, Дуглас, Игита, Тайнан, Біржан мен Дәурен секілді әлемдік деңгейдегі сақа ойыншылармен бірге біздің де жерлесіміз ортада ойқастап, қос-қостап гол соғады деген үмітіміз зор.
Е.Ахметкәрім