Қызылорда облысы, Арал қаласында өткен еркін күрестен 2011–2013 жылы туған жасөспірімдер арасында жылыойлық жас палуандар жеңіс тұғырынан көрінді. Ел ішіндегі келешек спортшылардың басын қосқан байрақты бәсеке Ж.Қазтуғановты еске алуға арналып, мұнда Қазақстанның 7 облысынан 300-ден астам жас қатысты.
Боз кілем үстіндегі дәстүрлі турнир жасөспірімдердің спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, болашақ чемпиондарды анықтауға мүмкіндік беретін маңызды жарыстардың бірі саналады. Еркін күрестің талаптары қатаң, бәсекесі жоғары болғанымен, бұл спорт түрі жас буынды төзімділікке, батылдыққа, тәртіп пен табандылыққа тәрбиелейді. Аталған жарыста Жылыойдан барған жас спортшылар да аудан намысын абыроймен қорғап, жоғары дайындық деңгейін көрсете білді. Әсіресе, №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің палуандары жарқын нәтижелерімен көзге түсті. Бұл туралы спортшылардың еркін күрес спортынан жаттықтырушысы Айбек Еркін:
- Турнир біздің балалар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Республикалық деңгейде мықты қарсыластармен белдесу әр спортшының өсуіне тікелей әсер етеді. Жарысқа дайындық барысында балалар күнделікті жаттығуды үзбей, тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қойды. Соның нәтижесінде олар өз салмақтарында чемпион атанып, үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұл тек спортшылардың ғана емес, ата-аналар мен бапкерлердің бірлескен еңбегінің жемісі,-деді қуанышын жасыра алмай.
Тартысты белдесу нәтижесінде Ахмеджан Темірхан мен Нұрдәулет Асқан 44 және 48 кг салмақ дәрежесінде қарсыластарының бәрінен басым түсіп, І орынды иеленсе, Дінмұхамед Сегізбай 62 кг салмақ дәрежесінде шеберлігімен дараланып, ІІ орынға жайғасты. Жылыойлық жас палуандардың бұл жетістігі – аудан спортының дамып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Ал жасөспірімдердің республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көрінуі – болашақта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшылар өсіп келе жатқанының белгісі.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ




