Параспорттың пәрмені Парижді де бағындырар еді

Мүмкіндігі шектеулі болса да, мотивациясы шексіз жандар Жылыойдың атын шығарып, намысын қорғап жүр. Арнайы базасы болмаса да республикалық аламанда алтыннан алқа тағып жүрген алақандай қоғамдық бірлестіктің аудан спортына еткен еңбегі ерен. Қыркүйекте Алматы қаласында өткен жастар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында ауданның параспортшылары қанжығасын майлап қайтты. Оңтүстік астанамыздың төріне еліміздің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген саңлақ спортшылар келді. Себебі, ел намысын әлемдік додада қорғайтындар осы турнирде анықталады. Біздің де «сайдың тасындай» іріктелген қыз-жігіттер білек сыбана сайысқа кірісіп, бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеді. Бес күнге созылған дүбірлі додада облысымыздың намысын қорғаған Рысгүл Орысбаева ядро итеруден алтын, найза лақтырудан күміс жүлде иеленді. Одан бөлек Өскемен қаласында өткен пара ат спортынан Аманқос Төлешов пен Айсұлтан Дүйсәлиев алтыннан алқа тақты. Барып келген сапары, жалпы өңіріміздегі пара спорт түрінің жай-күйі жайлы «Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әрі жеңіл атлетика жаттықтырушысы Амангелді Мыңжасаров былай дейді: -Чемпионат тартыс пен таласқа толы болды. Жастар арасынан жүлдесіз қайтпадық. Алдағы уақытта Рысгүл Орысбаеваға артылар үміт зор. Кіл мықтының ішінен жүйрік болып, суырылып алға шығудың өзі қиынның қиыны. Осы орайда, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаровқа алғысымды жеткізгім келеді. Себебі, өзінің қолдауын білдіріп, барып-кел сапарымыздың барлығын қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен, бір әттеген-айы жаттығу залының жоқтығы. Арнайы база болмағасын, қыс мезгілінде дайындық жұмысын жүргізетін жер таба алмай қаламыз. Егер – спортшыларымыз толыққанды қамтылғанда, одан да жоғары нәтижеге қол жеткізер ме едік?! Алдағы күнге жоспар көп. Қазан айында болатын ересектер арасындағы ел чемпионатына тыңғылықты оқу-жаттығу жұмыстары өтіп жатыр. Қоржынға көптеп алқа салып, қолдан келгенді аянып қалмаймыз. Аудандық параспорт шеберлерінің жеңісі көз қуантады. Соңғы кездері тіпті жаңа дем алып, ел чемпионатында да топ жарып жүргендер жетерлік. 2028 жылы АҚШ-тың «Періштелер қаласында» болатын жазғы паралимпиада ойындарына да жолдама алып қалуымыз әбден мүмкін. Неге десеңіз, жылыойлықтардың қарқыны күшті. Бірақ... «Бірақ» деген көңілді түсіретін бір жайт бар. Жоғарыда айтылғандай, нақты базаның жоқтығы спортшылардың базынасына айналды. Себебі, қазіргі әлемдік спортта ғылым мен білім алға шыққан кезеңде қарапайым жаттығу залының жетіспеушілігі өте ұят жағдай. Сондықтан, жоқтан бар жасап жүрген параспортшылардан бір нәрсе талап етіп, артық әңгіме айтудың өзі әбестік. Мүмкін нақты спорттық инфрақұрылым жоғары деңгейде дамығанда Париждың төрінен алтын алқасын тістеген жерлестерімізді көрер ме едік?! Бәрі де мүмкін... Е.Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521