ОЛИМПИАДА АЛАУЫ: ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі дода алдағы жұмада бастау алмақ. Алты құрлықтың арыстары сынға түскелі отырған Жазғы Олимпиада алауы биыл Париж төрінде тұтанады. Дүниежүзілік дүбірлі бәсекеге көк туымызды көкте желбірету үшін 80 спортшы аттанады.

АҚШ-тағы Періштелер қаласымен сынға түскен Париждың бұл Олимпиаданы қабылдайтыны 2017 жылы-ақ мәлім болған-ды. Осымен Франция астанасы тарихында 3-рет Олимпиада ойындарын өткізгелі отыр. 33-рет өткелі отырған алты материктің айқасында 206 мемлекеттен 10714 спортшы бақ сынайды. Париж төрінде 26 шілде күні тұтанған Олимпиада алауы 11 тамызда барып жабылу салтанатынан кейін сөндірілмек.

Қазақстан құрамасы өткен Токио Олимпиадасында алтынсыз қайтып, бірыңғай қоланы қанағат тұтқан спортшылар арманда кеткен еді. Дегенмен, ҰОК президенті Геннадий Головкин биылғы жылы бар үмітті ақтап, барынша қоржынды майлауға тырысатынын жеткізді. Бір өкініштісі, әлі де болса аудан тарихында Олимпиада қатысушылары шықпады. Сол жолда спорт мекемелері бар күшін салса деген ізгі тілегіміз бар. Себебі, еліміздің алақандай ғана ауылынан шығып, Олимп тұғырында алтын алқа иеленген отандастарымыз жетерлік. Біздің де өзіміздің Бекзат, Әбибаларымызбен мақтанғымыз келеді-ақ.

Дегенмен, бұл додада қалың жұртшылық үміт артып отырған спортшылар аз емес. Бір «әттеген- ай» дейтініміз, жыл сайын жүлде алып келетін ауыр атлеттеріміз допинг дауына байланысты жарыстан шеттетілген болатын. Алайда, туымызды жықпайтындар жетерлік. Ең басты үмітіміз - теннисте. Балықшының қызы Елена топ жаруы әбден мүмкін. Әлемнің төртінші ракеткасының басты қарсыласы – Арина Соболенко бұл жарысқа қатыспайды, бірақ грунтта кездескенін ұтатын польшалық Ига Швентек мықтылығын дәлелдеу үшін барын салары сөзсіз. Бокстан толық құрамда аттанған ерлер құрамасынан кемі бір алтын күтеріміз жасырын емес. Себебі, бұл спорт түрінде жалынды жас та, тәжірибесі толысқан сақа боксшылар да жетерлік. Жеңіл атлетикада кениялық легионер Нора Джеруто жеңіске жетуге бір табан жақын болса, Милад Каримидың да үздік үштіктен көрінуге мүмкіндігі мол. Татамиде жан берісіп, жан алысатын дзюдошыларымыз да намысты қолдан бермек емес. Екі дүркін Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов биылғы жылы көптен күткен алтынына соңғы мәрте қол созып көреді, алғашқы жазғы ойындарына аттанған атыраулық Әбиба Әбужақынова талантының арқасында тұғырдан көріну үшін татамиде тер төгеді.

Айтар болсақ, медальге қол созар спортшыларымыз көп. Осы орайда шетелдік Gracenote порталы өз болжамын жасаған болатын. Gracenote-тықтардың сөзінше, ұлттық құрамамыз 2 алтын, 1 күміс, 7 қола алқа иеленіп, жалпы есепте 26-орында тұрақтамақ. Дегенмен, алдағы айларда спортшыларымыздың әл-ауқатын білетін боламыз. Барша отандастарымызды жанкүйер болуға шақыра отырып, спортшылардың бабы мен бағы қатар шауып, көк туымызды көкте желбірете берсін деген тілектеміз.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521