Қола жүлде иегері

Жеті жасынан спортты жанына серік еткен Бекзаттың бұл алғашқы жүлдесі емес.

Наурыз айының басында Тараз қаласында дзюдо күресінен ҚР Чемпионаты өткен болатын. Еліміздің 14 облысының жас балуандары қатысқан дүбірлі додада жерлесіміз Бекзат Шағатаев 100 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола жүлдені қанжығасына байлады. Бекзат алғашқы айналымда Қызылорда облысының балуанымен боз кілемде белдесіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Екінші айналымда Қарағанды облысының палуанын таза жеңіспен ұтты. Үшінші белдесуде Жамбыл облысының дзюдошысымен күресіп, қосымша вазари ұпайымен алға шықты. Ол финалдық бәсекеге жолдама үшін Қызылорда облысының спортшысымен шайқасқа түсіп, есе жіберіп алды. Шешуші кезеңде үшінші орын үшін тағы да Жамбыл облысының палуанымен күресіп, қола жүлдегері атанды.

Жеті жасынан спортты жанына серік еткен Бекзаттың бұл алғашқы жүлдесі емес. Ол бұған дейін де халықаралық сайыстарда сағы сынбай, лайықты өнер көрсетіп, көптеген жүлделі орындарға қол жеткізді. Былтырғы өткен ҚР Чемпионатында да күміс медальға ие болды. Алдағы өтетін Әлем және Азия чемпионаттарына жолдама алған Бекзаттың ендігі жоспары - еліміздің көк туын әлем аренасында желбіретіп, бас жүлде иегері атану.

«Дзюдо күресімен 7 жасымнан бастап айналысамын. Бұдан бұрында біраз додаларда топ жарып, сайдың тасындай спорт саңлақтарымен бәсекеге түскен жайым бар. Болашақта да спорт саласында биік-биік асуларды бағындыратыныма сенімім мол. Мені әр кезде де қолдап, жарыстарға аса ұқыптылықпен дайындап келе жатырған жеке бапкерім Наран Ешібаевқа және Қуаныш Сүлейменов, Жандос Қиянов ағайларыма алғысымды айтамын» дейді 19 жастағы спорт шебері.

Республикалық сайыста Атырау облысының намысын қорғап барған өзге де спортшылар қоржынға 1 алтын және 4 қола медальды салып, жүлдемен оралды.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521