Қосшағыл ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектебінің 7-8 сынып оқушылары жуырда өткен облыстық ұлттық мектеп лигасында волейболдан жүлделі ІІ орынды иеленіп, аудан мерейін асқақтатты. Облыстық додаға жол аудандық ұлттық мектеп лигасынан басталды.
Ұлдар арасында өткен ауданаралық жарыста Қосшағыл мектебінің командасы қарсыластарына дес бермей, І орынды жеңіп алды. Нәтижесінде облыстық кезеңге жолдама алып, жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Тартысты өткен кездесулердің қорытындысында оқушылар жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. Жарыс барысында өзінің шеберлігімен, шапшаңдығымен және алаңдағы белсенділігімен ерекшеленген Асқар Жолболды «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталды. Команданы жарысқа дайындаған жетекшілер – Ләззәт Кажмагамбетова пен Төремұрат Рахымғали. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, волейбол тобының бапкері Ләззәт Кажмагамбетованың айтуынша, шәкірттерімен бірнеше жылдан бері үздіксіз, жүйелі түрде жұмыс жасап келеді.
- Спорт – баланың жан-жақты дамуының маңызды бөлігі. Әсіресе, волейбол ойыны балалардың тек денесін шынықтырып қана қоймай, олардың мінез-құлқы мен тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға үлкен әсер етеді. Волейбол – шапшаңдықты, ептілікті, төзімділікті қажет ететін командалық спорт түрі. Бұл ойын барысында бала үнемі қозғалыста болады, секіреді, жүгіріп, тез шешім қабылдауға дағдыланады. Соның нәтижесінде бұлшық еттері дамып, жүрек-қан тамырлары жүйесі нығаяды, дене бітімі дұрыс қалыптасады. Сонымен қатар волейбол омыртқаның түзу болуына, бойдың өсуіне оң әсер етеді. Командалық ойын болғандықтан волейбол балаларды ұйымшылдыққа, бір-біріне қолдау көрсетуге, ортақ мақсатқа бірге ұмтылуға тәрбиелейді. Әр ойыншы алаңда өз орны мен міндетін біледі. Бұл жауапкершілік сезімін арттырып, тәртіпке баулиды. Жеңіске жету үшін тек жеке шеберлік емес, өзара түсіністік пен сенім қажет екенін балалар ерте ұғынады.Сондай-ақ волейбол баланың психологиялық тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Жарыс кезінде қобалжуды жеңу, қысым жағдайында дұрыс шешім қабылдау, жеңілісті сабырмен қабылдап, одан қорытынды шығару – болашақ өмірінде де аса қажет қасиеттер. Бұл ойын баланың өзіне деген сенімін арттырып, көшбасшылық қабілетін дамытады. Бапкердің тынымсыз еңбегі мен шәкірттің табандылығы – спорттағы табыстың негізі. Сенім мен сыйластыққа құрылған жаттығу процесі балалардың үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады. Жалпы, балаларды тек волейболға ғана емес, баскетбол, гандбол сияқты басқа да спорт түрлеріне дайындаймыз. Әр спорт түрі өз ерекшелігімен пайдалы, ал волейбол соның ішінде балалардың денсаулығы мен мінезін шыңдайтын әдемі ойындардың бірі,-дейді бапкер.
Көпке үлгі ұстаз бірнеше жылдан бері Қосшағыл №2 жалпы орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Ол шәкірт тәрбиесін басты орынға қоятын, өз ісіне адал, шынайы педагог. Жас ұрпақтың денсаулығы мен салауатты өмір салтын ұстануына ерекше мән беріп, үнемі ізденіс үстінде жүреді.
- Өмірлік мақсатым – ұрпағы жақсы елдің болашағы жарқын. Алға қойған мақсатым – ұстаздық қызметімді барынша шынайы, адал атқарып, болашағынан үміт күттіретін білім алушылар тәрбиелеу,-дейді бапкер. Шынында да бапкердің шәкірттері жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Волейбол тобы ауданаралық, облыстық, республикалық спорттық ойындарға тұрақты түрде қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Команданың қоржынында алтын, күміс, қола медальдар да бар. Ауыл мектебінің оқушылары үшін мұндай жетістік – үлкен мотивация. Спорт алаңында шыңдалған жасөспірімдер ертең ел намысын қорғайтын азамат болып қалыптасары сөзсіз.
А.Талапкер




