Мереке қарсаңындағы дүбірлі дода

    Өткен аптада Құлсары қаласындағы Орталық стадионда еліміздің Республика күні мерекесіне орай мемлекеттік қызметшілер арасында аудандық спартакиада болып өтті. Екі күнге созылған дүбірлі дода талас пен тартысқа толы болды. Жабылу салтанатына аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржановтың өзі қатысып, спортшыларды марапаттады.

    Бәсекелі додада аудандағы әр түрлі бөлімдерден барлығы бес команда қатысты. Олар футбол, волейбол, садақ ату, жеңіл атлетика, қол күресінен сынға түсті. Және әр спорт түрінен жеке-жеке ұпай жинап, жалпы бес сайыстың қорытындысы бойынша командалар жүлдеге таласты.

    Спартакиаданың нәтижесінде аудандық полиция бөлімі үздік үштікті түйіндесе, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлерінен жасақталған ұжым күміс алқамен күптелді. Ал, жалпы есепте шашасына шаң жұқпаған «Ұлттық қауіпсіздік комитеті» командасы алтыннан алқа тақты.

   Барша спортшыларды марапаттаған аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржанов:

-Мұндай спорттық шаралар денсаулықты нығайтып қана қоймай, ұжымдық рухты көтеруге де зор ықпал етеді. Барша сайысқа қатысушыларды келе жатқан Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Және бұл сайысқа белсене қатысқан барша қызметкерлерге шын ырзашылығымды білдіремін,-деді ол өз сөзінде.

     Билік пен бұқараның арасына алтын көпір болып, ел үшін еселі еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің қоғамға қосып жатқан үлесі зор. Олар халыққа қызмет көрсетіп қана қоймай, бос уақытында бұқаралық спортты да дамытып, тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстанатындығын тағы бір мәрте көрсетті.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT