Құлсары қаласындағы №1 аудандық Балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Мұрат Жарылғасов өзі басқаратын оқу ордасының бапкерлерімен бірге бағы мен бабы келіскен жас спортшылардың жеңісті жетістіктерімен бөліскен еді.
Соның бірі - Мерей Мәлік. 2013 жылдан бастап таэквондомен шұғылданып келеді. Спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғады. Балалар арасында өткен Қазақстан чемпионатының екі дүркін чемпионы. 2015-2016 жылдар аралығында Орал, Алматы қалаларында өткен жарыстардың жеңімпазы болған Мерей Жанатұлы одан кейін де республикалық және халықаралық спорт сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері атанды. Дәлірек айтқанда, 2017 жылы «Almat Open» халықаралық жарысынан және 2018 жылы Атырау қаласында өткен ашық Азия чемпионатында 1- орынды жеңіп алды. 2019 жылы Кадеттер арасында Қазақстан Республикасының жеңімпазы болып 3-орын иеленсе, 2020 жылы Стамбул қаласындағы «Turish Open» халықаралық турнирінде 1-орынды қанжығаға байлады. Мерейдің мерейі одан кейін де үстем болды. Былтырғы жылы Черногория қаласында өткен «Podgorica Open G-2» халықаралық турнирінен 3-орынды иеленген жас таэквондошы биыл «Fujairah Open G-2» әлемдік турнирінен де 1-орынды жеңіп алып, Дубайдан олжалы оралды.
Биыл да жас спортшы үшін жеңіске толы жыл болды. Алматы қаласындағы жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында 2-орынды иеленсе, Ливан Республикасы, Бейрут қаласындағы жекпе-жекте де бақ сынап, 3-орынды жеңіп алды. Онда 16 мемлекеттен 400- ден аса сайдың тасындай мықты таэквондо шеберлері әртүрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен еді. Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында 63 кг салмақта «шайқасқа» түскен жылыойлық жас талайды тізе бүктірді.
Бұл ретте болашағынан зор үміт күтерлік спортшының бабын келістіріп, бағын аша білген бапкері Дастан Қожыровтың еңбегі ерекше.
Е.ҚОШАҚАНОВ