Иә, Жылыойдың абыройын асқақтатқан Мерей Мәлік бұл жолы да жарады. Ел біріншілігінде үздік үштіктен бой көрсетіп, биіктен көріне білді. Осы жылы ғана ересектер санатына өткен жас спортшының аяқ алысына жоғары баға бере аламыз. Оның үстіне Мерей Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. Жазғы Олимпиада ойындарынан кейін елімізде көптеген спорт түрлерінде реформалар жүріп жатқанын көз көріп жүр. Басшылықтан бастап, бапкерлерге дейін ауысып, ашықтық та пайда болды десек те артық айтқандық болмас. Сәтсіз саналған соңғы екі Олимпиададан кейінгі өзгерістердің арқасында көмескі үміт қараңғылықтан қылаң еткендей.
Соның бір көрінісі - Алматы облысының Шамалған ауылында өткен ересектер арасындағы таэквондодан ҚР чемпионаты. Олай дейтініміз, бұл біріншілікке шетелден төрешілер шақырылып, тікелей эфирден көрсетіліп, сол жерде түрлі сарапшылар мен спорт журналистерінің бақылауында болды. Осындай талас пен тартысқа толы дүбірлі додада жерлесіміз Мерей Мәлік 74 келі салмақта бағын сынап көрді. Осыған дейін жасөспірімдер мен жастар арасындағы талай жарыстарда топ жарған жерлесіміз үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы жеңісті жетістігінің бірі. Қарсыластарын қапы қалдырған ол қола медальды қанағат тұтты. Бұл бәсекенің басқа турнирлерге қарағанда бәсі жоғары. Себебі, ұлттық құраманың саңлақтары ел біріншілігінде іріктеледі. Осындай маңызды жарыста Жылыойдың ғана емес, облыстың намысын жықпай, жүлдеге ілінген Мерей жарады. Мерейдің жеке бапкері Дастан Қожыров:
-Мерей жастайынан еңбекқор спортшы. Ересектер арасында да тосылып қалмады. Ойымыздан шықты десек те болады. Дегенмен, алтын алуды жоспарлағанбыз. Алдағы уақытта халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкте желбіретуге барымызды саламыз. Ендігі мақсат – келер Олимпиадаға жолдама алу,-деді өз сөзінде.
Ұлттық құрама сапына енген ұланымыз Жылыойдан шыққан тұңғыш Қазақстан Республикасының спорт шебері атанып отыр. Мерей Мәлік тек мұнымен тоқтап қалмай, болашақта биік-биік белестерді бағындырып, Жылыойдан шыққан бірінші Олимпиада қатысушысы, әрі жүлдегері атанарына сенім мол.
Е.Алтайұлы