30 ҚАЗАН КҮНІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ АУДАНДА «КҮЗГІ КРОСС-1» АШЫҚ МАРАФОНЫ ӨТКІЗІЛДІ. МАРАФОНШЫЛАР ҚАЛА КӨШЕЛЕРІН БОЙЛАЙ 5 ШАҚЫРЫМ ҚАШЫҚТЫҚҚА ЖҮГІРІП ӨТТІ. МЕЖЕЛЕГЕН ҚАШЫҚТЫҚТЫ БАҒЫНДЫРУ ҮШІН ЕРЛЕР ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНАН 2 ТОП ЖАРЫСТЫ. ЖҮГІРУ МАРАФОНЫНА САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНАТЫН 100 -ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ. ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ СПОРТШЫЛАР ДА БАР. АТАЛҒАН ЖАРЫСҚА КӨРШІЛЕС МАҢҒЫСТАУ ЖӘНЕ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕЛАЯҚТАРЫ ДА ҚАТЫСЫП, СПОРТТЫҚ БАБЫН СЫНҒА САЛДЫ. СӨРЕ АКВАПАРКТЕН БАСТАЛЫП, МӘРЕ СЫЗЫҒЫ ҚАМЫСКӨЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ АСФАЛЬТ ЖОЛ АРҚЫЛЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТКЕ ДЕЙІН БОЛЫП БЕЛГІЛЕНДІ.
Марафонға қатысқан барлық тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров құттықтап, сөз сөйледі.
-Құрметті әуесқой спортшылар, баршаңызға «Күзгі кросс-1» ашық марафонын жүгіріп өтіп, белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Елдің болашағы – білімді, белсенді, спортқа қабілетті жастар. Бүгінгі үлкен жарысқа көрші облыстан арнайы келген спортшыларға Жылыой халқының атынан ризашылық білдіремін. Спорт жас талғамайды. Міне, бүгін марафонға мүмкіндігі шектеулі спортшылар да қатысып, баршамызға жеңіске деген жігерлерімен үлгі көрсетуде. Барлық жүгірушілерге келесі марафонда жеңіске жетуге, ал жеңімпаздардың бұдан да үлкен бәсекеде жүлдегер атануларына тілектеспін,-деді Әнуар Играшинұлы.
Марафонның 5 шақырымдық сайысында ерлер арасында мәрені алғашқы болып кесіп өткендерден 3-орынды Жылыой ауданынан қатысқан Нұрлан Мағзом, 2-орынды Атырау қаласынан келген Марат Оразалиев және 1-орынды Индер ауданының желаяғы Дәуір Жоламанов иеленді.
Әйелдер арасында 5 шақырымдық межені еңсерген жылойлық Ақзия Ибраева 3-орынды, Атырау қаласынан келген Гүлзада Ибраева 2-орынды және жылойлық Мұхалбек Хадиша 1-орынды еншіледі.
Марафон жеңімпаздары арнайы диплом, медаль және сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға «Марафонға қатысушы» дипломы табыс етілді.
«Күзгі кросс-1» желаяқтар жарысында көмек көрсетуге атсалысқан «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне және жолдағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еткен аудандық полиция бөліміне ұйымдастырушы тарап алғыстарын білдірді.
А.ТАУБАЕВА