Мақсаттың мақсаты

Наурыз айының 1-ші және 3-жұлдызы аралығында Болгария елінің София қаласында Таэквондодан “BULGARIA OPEN G-1” халықаралық турнир өтіп, өз мәресіне жетті. Тартысты турнирге Қазақстан жастар құрама командасы, Болгария, Греция, Испания, Португалия, Хорватия, Сербия секілді елдерден 1000-ға жуық спортшы қатысқан еді. Команда құрамында жерлесіміз Мақсат Төлегенов те бар.

Мақсат – Құлсары қаласындағы №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Ол дүниежүзілік дүбірлі додаға жастар құрамасының атынан қатысып, бақ сынады. Спорттың жекпе-жек түрінде 48 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Төлегенов алғашқы «шайқаста-ақ» Грекиядан келген қарсыласын «жер жастандырды».

Екінші жекпе-жекте Португалияның мықтысымен шығып, оны да тізе бүктірді. Үшінші мәрте тағы да Грекияның таэквондошысымен шаршы алаңда «шайқасып», оны да жер қаптырды. Тек төртінші кездесу ғана біздің Мақсаттың пайдасына шешілмеді. Өзі секілді украиналық спортшымен күш сынасып, ұпай жіберіп алды.

Нәтижесінде жерлесіміз Мақсат Төлегенов “BULGARIA OPEN G-1” халықаралық турнирінің қола жүлдегері атанды. Болашағынан зор үміт күттірерлік жас таэквондошы үшін бұл зор жетістік. Осылайша спортшы алға қойған мақсатына жақындап келеді. Өйткені қола алқа – Мақсат пен бапкері Азамат Нұржанов үшін ғана емес, бүкіл жылыойлықтар үшін де үлкен жеңіс.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT