Майкөмгендік спортшылардың жетістіктері

Ел егемендігі жарияланған тарихи жылдан бергі уақытта еліміздің бұқаралық  спорт саласының   дамуына көптеген қолдау білдіріліп, арнайы  бағдарламалар жасақталып, Үкіметтен қыруар қаржылар бөлінуде.  Мемлекет басшысы  да әрдайым спортқа көңіл бөліп,  бұл саланы еліміздегі басым  бағыттар санатына қосып келеді. Халқымыздың  абыройын  асқақтатып жүрген белгілі спортшыларға  халықаралық бәсекелерде, олимпиадаларда  жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ел Президенті тек  аты әйгілі  спортшыларға ғана емес,  Қазақстанның  әр азаматын салауатты  өмір салтын сақтап, спортпен айналысуға шақырады.

Бүгінде ауданымызда  5 спорт мектебі бар. Солардың бірі - Майкөмген  ауылдық  округіндегі  №5  балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Алақандай ғана ауылда  болашағынан зор үміт күттіретін спортшы жастар жетіп артылады. Сол  дарынды спортшылардың арқасында  биыл ауылдағы  спорт мектебінің қанжығасы майланып,  жастар облыстық, республикалық,  әлемдік сайыстардан  жүлдемен оралып жүр.

Мәселен, Атырау қаласында  өткен  «OTARALY CUP-2022» республикалық турнирде осы спорт мектебінің  ойыншылары  1 орын  алған . Соның ішінде Қуаныш Нұрбол үздік ойыншы атанды. Сондай-ақ, футболдан Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында  ұйымдастырылған  Еңбек ардагері Түгелбай Жаманқұловты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі  республикалық турнирде  2 орынды  иеленді.  Аталған турнирде  Төрехан Дүзелбаев «Үздік ойыншы» атағына ие болды. Шымкент қаласында өткен «Tarlan cup-2022» халықаралық турнирде  майкөмгендік  ойыншылар  2 орынға тұрақтады. Онда Мырзамбет Нұрдаулет «Үздік ойыншы»  атанды. Атырау қаласындағы «IMIDZH CUP» республикалық турнирден 1 орын, Ақтау қаласындағы «AQSHUQYR CUP-2022» республикалық турнир 1 орынды жеңіп алған Нұрдәулет Мырзамбек те  «Үздік ойыншы»  болып табылды.

Майкөмгендегі  балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің  жетістіктері  мұнымен бітпеді.  Құлсары қаласында  өткен Ерлан  Бекшойновты еске алуға арналған 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында шағын футболдан облыстық турнир – 1 орын алды. Ал Бішкек қаласында өткен   футболдан  2011-2012 жылы  туған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде команда 3 орын  алды. Бұл байрақты бәсекеде   Тоғызбай Данияр «Үздік қақпашы»  атанды. Жаңатас қаласында өткізілген аяқ доптан Еңбек ардагері Түгелбай Жаманқұловты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі республикалық турнир   де 3 орын  иегері атанды . Ерғазы Бекзат «Үздік қорғаушы», Шәкен Иманғали «Үздік шабуылшы»  атақтарына ие болды. Ал дзюдодан Шоқпартоғай ауылдық  округінде  өткен аудандық турнирде 1 орынды Байлепес Нұрдәулет алса . Алматы қаласында өткен «HAMZA OPEN CUP» республикалық турнирде 3 орынды  тағы да  осы спортшы жеңіп алды. Құлсарыдағы аудандық турнирде де 1 орын және Тараз қаласында  ұйымдастырылған«ARLAN JUDO KIDS» республикалық турнир де 3 орын Байлепес Нұрдәулетке, Тоғызбай Айсезімге бұйырды. Алматы қаласындағы «Balabatyr judo kids» атты республикалық  сайыста 2 орынды Айсезім  Тоғызбай жеңіп алды. Сонымен  қатар, Алматы қаласының Іле ауданында өткен «Alan» республикалық турнирі  кезінде 1 орынды Байлепес Нұрдәулет, 2  орын Дінмұхаммед  Үбіш  иеленді. Атырау қаласындағы«MAGAUIYA OPEN CUP» республикалық турнирінде  Тоғызбай Айсезім  жүлделі  1 орынға тұрақтады.

Міне, шағын ауылдағы спортшылар жеткен жетістіктер таудай. Алда әлі талай жеңістер күтіп тұрғаны даусыз.

 

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT