Ауылдық жерлерде мәдениет ошақтары мен спорттық кешендердің болмауы өзекті мәселенің бірі болатын.
Ауыл тұрғындары жастардың рухани және салауатты өмір салтын ұстануы үшін мүмкіндіктер жасау туралы жергілікті билік өкілдерімен кездесу кезінде айтып келеді. Соңғы жылдары бұл мәселеге көңіл бөлініп, айтарлықтай жұмыстар жасалуда. Соның бір көрінісі Майкөмген ауылдық оругінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. 269 орындық спорт кешені "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің "Игілік" бағдарламасы бойынша салынған болатын.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Азамат Бекет ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
- Бұл өңірлердің ішкі мүмкіндіктері мен жоғары спорттағы жетістіктерін еселеуге жол ашады, бұқаралық дене шынықтыру қозғалысын дамытуға жағдай жасайды. Осы спорттық нысанның пайдалануға берілуі әлеуметтік салада жүзеге асып отырған мемлекеттік саясаттың бір айғағы. Алдағы уақытта осы спорт алаңында жаттыққан жасөспірімдер арасынан болашақ чемпиондар шығатынына сенімдімін. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз,- деді аудан әкімі.
Келесі кезекте «Теңізшевройл» ЖШС-ның Атырау облысындағы мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі директоры Мария Қаражігітова құттықтау сөз сөйледі. Осыдан кейін Азамат Бауыржанұлы ауыл ақсақалы Үбіш Абдрахмановпен бірге жаңа ғимараттың лентасын қиды.
Салтанатты шараға қатысушылар кешеннің ішін аралап көрді. Нысанның 1-қабатында негізгі спорттық шаралар өтетін зал, киім ауыстыратын бөлме, шаруашылық және медициналық көмек көрсету бөлмелері орналасқан. Ал 2-қабатта спорттық құралдармен жабдықталған екі жаттығу бөлмелері бар.
Сонымен қатар спорт кешені ауласында баскетбол, волейбол және кіші аяқдоп ойындары үшін алаңдар жасақталған.
Спорт кешені ауылдағы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстану бағытындағы мәселесін шешіп, сонымен қатар бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Ауыл тұрғындары осындай заманауи спорт кешенін салып берген азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Қ.Дүйсенбетов