Жуырда ауданымызда қазақ күресінен кіші жасөпірімдер арасында «Жылыой бала барысы» атты аудандық ашық турнир өтті. «Орталық стадион» ҚМҚК және «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының ұйымдастырумен өткен тартысты додаға 7 бірдей командаға бөлінген 160-қа жуық жас балуан қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Иә, қазақ күресі – жай ғана спорт емес, ол ғасырлар бойы халқымыздың өмір салтымен, әскери даярлығымен, ел қорғаған батырлардың болмысымен біте қайнасқан өнер. Ерте замандарда балуан болу ел қорғауға дайын болу ұғымымен теңестірілсе, бүгінде нағыз күштінің болмысына келеді. Сондықтан бүгінгі жасөспірімдер арасындағы мұндай жарыстардың маңызы ерекше. Ол балаларды білекті, төзімді, тәртіпті әрі рухы биік азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған. Міне, осындай болашақ спортшылардың басын қосып, ұлттық спортты дәріптеумен қатар, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен жауынгерлік рухты сіңіруді мақсат еткен байрақты бәсеке 2012-2013, 2014-2015, сондай-ақ 2016-2017 жылғы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып, қазақ күресіне өзгеше дем берді. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне Орталық стадион басшысы Серік Рахымбердиев, тәжірибелі жаттықтырушы Ерасыл Жалғасұлы, одан бөлек Әділет Өрден мен Әлішер Зинолла сынды спортшылар ұйытқы болды. Ұйымдастырушылардың үйлесімді еңбегінің нәтижесінде жарыс тәртіпке сай, мазмұнды әрі тартысты өтті. Бұл туралы «ГКӘТ және ВКШӘТ» ардагерлер қоғамының аудан бойынша филиал басшысы Құттығай Ешібай:
– Мұндай жарыстардың тәрбиелік мәні орасан зор. Қазақ күресі арқылы біз жас ұрпақтың бойына тәртіп, төзімділік, батылдық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіреміз. Бүгінгі боз кілемге шыққан әр бала – ертең ел намысын қорғайтын азамат. Сондықтан осындай турнирлер тек спорттық сайыс қана емес, нағыз әскери-патриоттық тәрбие мектебі деуге болады. Ардагерлер ретінде біз жастарға үлгі көрсетіп, ұлттық рухты сақтауға әрдайым дайынбыз,-дейді өз сөзінде.
Расында, жарыс барысында жас балуандардың әр белдесуі ерік-жігердің, қайсарлық пен намыстың сынға түскен сәтіне айналды. Әрбір әдіс пен қарсы шабуылдың артында күнделікті тынымсыз жаттығу, бапкерлердің еңбегі және жеңіске деген жігері көрініс тапты. Өскелең ұрпақтың болашағы үшін ұйымдастырылып жатқан «Жылыой бала Барысы» секілді тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор спорттық сайыстар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, өз жалғасын таба береді деген сенім мол.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ




