Спорт мектебінің тағы бір талантты шәкіртінің бірі - Ақылбек Аманұлы. Ол 2006 жылдың қаңтар айынан бастап дзюдо күресіне қатысады. 2018 жылы дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғады. Осы жылдан бастап облыстық, республикалық, халықаралық спорт сайыстарында бақ сынап, жеңімпаз атанып жүр.
Айталық, алғаш 2018 жылы Ақтау қаласында өткен Б.Ақшабаев атындағы республикалық турнирде 1-орынды жеңіп алған жас спортшы 2019 жылы да Астана қаласында өткен Оқушылар сарайының жүлдесі үшін халықаралық турнирде 1-орынды қанжығасына байлады. Ал 2020 жылы Атырау қаласында облыс чемпионатында тағы да 1-орынды иеленіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді.
2020 жылдан бастап қазақ күресінен өтіп жатқан жарыстарға шыға бастады, Мұнда да Ақылбек жеңіссіз емес. 2021 жылы Атырау қаласында осы ұлттық күрес түрінен ұйымдастырылған М.Сүлейменов атындағы турнирде 3-орынды иеленсе, Шымкенттегі Қазақстан Республикасының чемпионатында да 3-орын алып, әлем біріншілігіне жолдама алды. Сол жылдың маусымында қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер атанып, көп ұзамай Астана қаласында желтоқсан айының 12-сі мен 14-і аралығында жасөспірімдер арасында өткен қазақ күресінен «Әлем чемпионы» атағын жеңіп алды.
Ұлттық спорт түрінен «Жыл спортшысы» номинациясын иеленген Ақылбек Аманұлы күні бүгін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне грантпен оқуға түсіп, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында білім алып жатыр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, болашақ спортшы маманын тәрбиелеп шығарған Асылбек Әбілдиев осындай шәкірттерімен мақтана алады.
Е.ҚОШАҚАНОВ