Әлем чемпионатында бақ сынайды

Аудан спортына жаңа бір серпіліс. Жерлесіміз Гүлхан Шыңғысхан дзюдодан кадеттар арасындағы Әлем чемпионатына аттанады. Тамыз айының аяғына жоспарланған байрақты бәсеке Перу мемлекетінің астанасы Лима қаласында өтеді.

48 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Гүлхан қарындасымыз осыған дейін де жарқын жеңістерімен көзге түскен-ді. Болашағынан зор үміт күттірерлік спортшымыз шілде айының өзінде Азия кубогінде екінші орынды иеленген еді. Әлемдік рейтингте 58-орынды тұрған дзюдошымыздың ұстазы Жаңылсын Көптілеуова шәкірті жайлы:

-Негізі дзюдода рейтингқа қарай жолдама беріледі. Гүлхан 58-орынға тұрақтағасын алғашында жолдамадан үміт үзгенбіз. Алайда, Алматы қаласында өткен Азия кубогіндегі жеңісінен кейін, айымыз оңынан туып, Лимаға аттанатын болдық. Еліміздің туын жықпай, көкте желбірету үшін барымызды саламыз,-деді.

Айта кетейік, Гүлханның салмағында 17 спортшы бақ сынамақ. Оның ішінде, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған германиялық Шарлотте Неттешхейм, бразилиялық қос мықты Николли Карнейро мен Кларис Рибейро да бар. Еліміздің бірінші нөмірлі дзюдошысы Алина Ямашева да татамиге шығады. Азия кубогінде жұлдызы жанған Гүлхан үшін бұл жарыс үлкен мүмкіндік болмақ. Себебі, жеңіске жетер болса, рейтингтегі орнын көтеріп, алдағы уақытта та осындай байрақты бәсекелерге тікелей жолдама алады.

Мықтылармен күрескелі отырған Гүлхан Шыңғысханға шын ниетімізбен күллі әлемнің жұлдыздары келген турнирде ешкімге тізе бүкпей, Қазақстанның туын Лима төрінде де желбіретсін деген тілектеміз.

Е. Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521