Құралайды көзге атқан...

Құралайды көзге атқан садақшылар ел чемпионатында бақ сынады. Олардың арасынан облыс құрамасында өзін көрсете білген жылыойлық мергендер де олжалы қайтты. Қанжығасын майлаған құлсарылықтар ендігі кезекте ұлттық құрама сапына ілігуі әбден мүмкін.

Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының III чемпионаты Алматы қаласында 21-26 қыркүйек аралығында өткен еді. Байрақты бәсекеде 270 спортшы бақ сынады. Оған Атырау облысынан 18 садақшы барса, оның алтауы – өзіміздің жылыойлық жерлестеріміз. Көп ішінен суырылып шыққан Серікболсын Шабаев жастар арасында қалқан нысанасы бойынша алтыннан алқа тақса, Амина Сарсенбаев қоланы қанағат тұтып, үздік үштікті түйіндеді. Пута нысанасында Назерке Ерікқызы қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанып, жылыойлықтардың жеңісті жолын жалғады. Ауданнан садақшыларға жетекшілік етіп жүрген Бағдат Ертүгел:

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Оған дәлел, көшпенділер ойынында алған ұпайлар осы бәсекеде де жиналды. Тіпті, деңгейі жағынан әлемдік додамен пара-пар болды десем қателеспеймін. Жылыойлық спортшылар жарады. Үкілеген үміт пен артылған сенімді толықтай ақтап шықты. Үдеден шыққан мергендер алдағы уақытта ел намысын құрлықтық, жаһандық аренада қорғамақ. Бұл жарыс ауданымызда садақ ату спортының қарқынды дамып келе жатқанының жарқын көрінісі болды. Спортшылар жаттығуынан жаңылмаса, болашақта бұдан да биік белестерді бағындырары сөзсіз,- деді өз сөзінде чемпионат хақында.

Жерлестеріміздің жетістігі жылыойлықтарды бір серпілтіп тастағаны даусыз. Аудан спортына да оң бетбұрыс береді деген сенім мол. Дегенмен, бұл спорт түрі олимпиадалық тізімге кірмейді. Өкінішке орай, ауданда классикалық садақ атумен шұғылданатын спортшылар – жоқтың қасы. Бұл олқылықтың да орны болашақта толып, Олимп тұғырынан бой көрсетер әлі талай жылыойлық садақшылар шығады деп сенеміз. Дәстүрлі садақ атудан жеткен ІІІ чемпионаттағы жетістік те сол жолдағы алғашқы қадамды жасауға түрткі болар деген үміт бар.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT