Қос қола – Құлсарының қайсар ұландарында

Құлсарылық спортшылар Қарағанды қаласында таэквондодан өткен 21 жасқа дейінгі ересектер арасындағы ел біріншілігінде үздіктер қатарынан көрініп, аудан мақтаныштарына айналып отыр. Тамыз айының алғашқы аптасында өткен бұл сайыстың жас спортшыларға аса маңызы зор. Бәсі жоғары бәсекеде артында белін буған жерлестеріне жеңіс тойын әкелген Мерей Мәлік пен Абыл Кенжебек мерейімізді асырып, екеуі де қола жүлдені қанжығаға байлады.

Иә, шыны керек, осыған дейін де жастар санатындағы халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген жерлестеріміз ересектер арасында да қапы қала қойған жоқ. Ұлттық құрама резерві дайындалатын бұл чемпионатта бәрінің-ақ таласы бар еді. Себебі, бұл турнирде әлемдік даянгта еліміздің намысын қорғайтын өрендер іріктеледі. Бас-аяғы бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге таман спортшы қатысты.

Абыл Кенжебек 74 келіде өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін ешкімге дес бермеді. Тіпті, алтынға үміткерлер қатарында да болған еді. Алайда ақтық айқас алдындағы кездесуде қарсыласына есе жіберген жерлесіміз қола жүлде үшін таластағы дуэльде үздік атанды. Ал, Мерей Мәлік болса 80 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған болатын. Абыл екеуінің жүріп өткен жолдары бір-біріне ұқсас. Мерей де тек бір жекпе-жекте ғана жеңіліп қалып, қалған кездесулерде қарсыласын қапы қалдырған болатын. Құлсарылық қос спорт шеберінің бапкері Дастан Қожыров:

- Турнир жоғары деңгейде өтті. Абыл мен Мерейге де ризамын. Бапкердің қойған тактикасын дұрыс орындады. Алайда, әттеген-ай дейтіні – жартылай финалдағы болмашы қателік. Әйтпегенде, жылыойдың жайсаң халқына жылтыраған екі алтын жүлдені сыйлайтын едік. Алдағы уақытта әлі талай бәсеке күтіп тұр. Сондықтан, босаңсуға да уақыт жоқ. Қайта қалыпқа келу процесін бастап, оқу-жаттығу жиынын тыңғылықты жүргізуіміз тиіс. Қолдау білдіріп, жанкүйерлік еткен барша жерлестеріме алғыс айтамын,-деді өз сөзінде.

Осы сындарлы сайыста Жылыой топырағынан шыққан жалын жүректі жас спортшылар Мерей Мәлік пен Абыл Кенжебек жарқырап жүлделі орыннан көрініп, аудан абыройын асқақтатты. Екеуінің де жеңісі – тек жеке жетістік емес, бүкіл аудан жастарына үлгі боларлық ерлік.

Спорт – төзімділіктің, тәртіп пен табандылықтың мектебі. Бұл жолы даянг төрінде тек мықтылар ғана емес, ел үмітін арқалаған нағыз саңлақтар сынға түсті. Қос қола ертеңге деген сенімнің, ерлікке толы еңбектің жемісі. Алда әлі де халықаралық жарыстар, Азия, әлем чемпионаттары күтіп тұр. Бапкері айтқандай, босаңсуға уақыт жоқ. Жеңіс жолы жалғасуы тиіс.

 

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT