Қоржында – тағы үш алқа

Жылдың басын жеңісті жетістіктермен бастаған балғын спортшылар ауданның жүлде қорын тағы да толықтырып отыр. Бұл жолы Шымкент қаласында ақпанның 9-ы мен 11-і күні аралығында «Барыс» спорт клубының ұйымдастыруымен 2010-2011, 2012-2013 және 2014-2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен халықаралық турнир болып өткен-ді.

Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан Республикасынан барлығы 500-ден астам спортшы қатысты. Дүбірлі додадан қаладағы №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары да қалыс қалған жоқ. Қатысып қана қоймай, жүлделі орындарды иеленіп, қанжығасын майлап қайтты. Дәлірек айтсақ, 29 келі салмақта боз кілемде белдескен Дастан Сүлейменов алдына келген қарсыластарының барлығын алып ұрып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Ал 41 келі салмақта күш сынасқан Аңсар Қалыбекұлы да өзі секілді көптеген еркін күрес тарландарын тізе бүктіріп, ақтық айқаста ғана ұпай жіберіп алды. Сөйтіп ІІ орынды иеленді. Ал 35 келі салмақта белдескен Дастан Орынбек төрешілердің ұйғаруымен ІІІ орынға лайықты деп танылды. Бұл жетістік боз кілемде шеберлігімен көзге түскен балғын спортшылардың ғана емес, оларды сайысқа дайындаған бапкерлері Нұрлан Әлжанов, Айбек Жарекенов және Әділет Амановтардың да жеңісі екендігі сөзсіз.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT